Қазақстанда латын әліпбиіне көшу үдерісі жемқорлыққа байланысты тежеліп отыр, деп есептейді ABCnet атты жаңа қазақ әліпбиі жобасының авторы Жанат Аймағанов.
«Бұл үшін небәрі бес секунд уақыт қажет, басқа ештеңе керек емес. Тіпті қайта оқытудың да қажеті жоқ. Бәрі дайын. Тек пернетақтаны бейімдеу керек. Бірақ мұны әлі күнге дейін жүзеге асырмай отыр. Себебі, ашығын айтсақ, Қазақстан – шынымен жемқорлық жайлаған мемлекет. Мүмкін, біз бұған тағы 30 жыл күресетін шығармыз, мүмкін, одан да аз. Бірақ түбегейлі өзгерту оңай емес. Бізде жоспарлы экономика ғой, егер белгілі бір іске қаржы қарастырылса, оны толықтай жұмсау керек. Әйтпесе, келесі жылы бюджет қысқарады. Бұл – үйреншікті жағдай», – деді Аймағанов Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында өткен брифингте.
ABCnet әліпбиінің авторының айтуынша, оның ұсынған нұсқасы өте оңай меңгеріледі. Сондай-ақ, ол қазіргі 42 әріптің орнына 26 әріптен тұрады.
«Мен ABCnet әліпбиінің қарапайымдылығын жеткізгім келеді. 1995 жылы мен Бурабайдағы мектепте тәжірибе жүргіздім. Сол кезде орыс сыныптарындағы оқушылар бұл әліпбиді үш сағат ішінде меңгеріп алды. (…) Жалпы, тіпті орыстілді қауым да бұған дайын», – деп есептейді Аймағанов.
Оның айтуынша, латын әліпбиі қазақ тіліне әлдеқайда ыңғайлы, ал оның әзірлеген әліпбиін енгізу бюджеттен қаржы бөлуді қажет етпейді.