Кәсіпкер Шұбаркөл кен орнынан көмірді сыйақы төлеген тұлғаларға ғана сатқаны анықталды.
«Modern Trading Solutions» тауарлық биржасының басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзып, Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқан.
ҚМА мәліметінше, көмірді қолданыстағы заңнамаға сәйкес, саудагер сауда биржалары арқылы бәсекелестікті дамытуға, делдалдарсыз, оның әділ бағасын қалыптастыруға ықпал жасауға тиіс болатын.
«Modern Trading Solutions» тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ұдайы ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған.
Кері жағдайда, аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймау, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кәсіпкерлерге саудаға қатысуына жол бермеген. Бұл жағдай әсіресе жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағымдар мен әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтырған. Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 млрд теңгеден асқан, оны өздеріне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Сауда биржасының 3 басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ал тағы біреуіне осындай шарамен қатар іздеу жарияланды.
ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген хабарламда.