11 C
Нур-Султан
15 C
Алматы
19.3 C
Шымкент
11 C
Нур-Султан
15 C
Алматы
19.3 C
Шымкент

Ерболат Досаев: Қаңтар оқиғасында шығын шеккен Алматы кәсіпкерлеріне 16,2 миллиард теңге төленді

Қаңтар оқиғасы кезінде материалдық зардап шеккен 1640 шағын және орта бизнес субъектісіне 16,2 миллиард теңге өтемақы төленген. Бұл ақпаратты бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында Алматы әкімі Ерболат Досаев жариялады.

Ерболат Досаевтың баяндамасына қарағанда, кәсіпкерлердің 95 пайызына өтемақы биыл маусымға дейін төленген. Жеке тұлғаларға да 613,5 миллион теңге мүлік өтемақысы берілген.

Үкіметтің кеңейтілген отырысына министрлерден өзге барлық облыс әкімдері қатысқан, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен.

— Сіздің тапсырмаңызға бойынша, Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жылдың соңына дейін адам көп жиналатын орындарға 3050 бейнекамера орнатылады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін биыл 16,8 миллиард теңге бөлінді,- деді Ерболат Досаев Тоқаевқа қарата.

Алматы әкімінің сөзіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген, қазір жөнделіп жатқан қала әкімдігінің ғимараты 2023 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Биыл 14 шілдеде өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов 1,7 мың шағын және орта бизнес субъектісіне 14,3 млрд теңге өтемақы төленгенін хабарлаған еді.

Қаржы министрлігі «Қаңтар оқиғасының салдарын жою үшін» үкімет 31 млрд теңге қаражат қарастыратынын, оның 21 миллиарды Алматы мен өзге өңірлердегі шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға жұмсалатынын хабарлаған.

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген Алматыдағы президент резиденциясыбиыл мамыр айында республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінен алынған, оны бұзуға 6 млрд теңге (шамамен 13 млн доллардан астам) қаржы бөлінген.

Қаңтар оқиғасы екінші күнге ұласқанда Алматы мен Шымкент, Талдықорған, Тараз және тағы да басқа қалалар мен елдімекендердегі мемлекеттік орган ғимараттарынан өзге шағын және орта бизнес субъектілері мен жеке тұлағалардың мүлкіне шығын келген.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар