Маңғыстау облысындағы  Жетібай кентінің бір топ тұрғындары төрт күннен бері ереуілде тұр.  Күн көріс деңгейі төмен азаматтар билікке жұмыс тауып беруін талап етті. Олар наурыздың жиырма тоғызы күні жариялы түрде аштық жариялады. 

Мұнай саласына жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар аймақтағы кен орнына баратын жолды жауып тастап, сол жерде түнеп жатыр.   Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде тұрғындар азық түлік алатын қаражат таба алмай жатқандарын айтып, көздерін жас алды. 

«Балаңа бір зат алып берейін десең, қолыңда дым жоқ. Қыл-аяғы бес мың теңге. Не істейсің? Осында жүресің халық арасында. Түнде ұйқыдан тұрасың. Балаңды сағынасың, ештеңе істей алмайсың. Қолыңнан дым да келмейді», — дейді наразылыққа шыққан азаматтардың бірі Азаттық радиосының тілшісіне.

Жолды жапқан халықтың ішіндегі әйелдердің бірі күйеуі жұмысқа қабілетсіз болып қалғанын айтады. Өзі ауылда жұмыс жоқтығына қапаланады.

«Мен көпбалалы анамын. Мектеп жасындағы алты балам бар. Күйеуім жұмысқа жарамайды. Маған жұмыс беріңіздерші. Үйде балаларым аш. Оларға не бетіммен барамын?» — дейді ол.

Жергілікті тұрғындардың талабы бір – барлығын бірден жұмысқа орналастыру.

Ал, аудан әкімдігі ауылдың жұмыссыз тұрғындары «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамынан «70-те 30» қағидасы бойынша бос жұмыс орындарын бөлуде артықшылық беруді талап етіп отырғанын алға тартты.

Яғни, бос жұмыс орындарының 70 пайызы Жетібай ауылының тұрғындарына, қалған 30 пайызы Қарақия ауданына қарасты өзге ауылдар мен облыстың басқа да аудандарындағы жұмыссыздарға берілуін сұрайды.

Сондай-ақ, әкімдік тұрғындардың наразылығын заңсыз деп мәлімдеді. Аудан басшылығы жарияланған аштықтан да хабардар.

«Айта кететін жайт, тамақтан бас тартумен акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді. Жиналғандар мұнай саласында жұмыс істеймін дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген шындықты қабылдауы қажет. Жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартуда», — деп атап өтті аудан әкімдігінде.

Азаттықтың хабарлауынша, Маңғыстау облысы Жетібай кентінде жұмыс талап етіп тұрған тұрғындар аштық жариялаған. 13 адам мүлдем нәр татпаса, бір адам тек су ішіп отыр. Аштық акциясы 29 наурызда кешке басталған. Бұған дейін наразылар аштық жариялайтынын халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы аймақ билігіне, президент пен полицияға ескерткен. Оны дәлелдейтін құжаттары да бар.