13 C
Нур-Султан
18 C
Алматы
19.3 C
Шымкент
13 C
Нур-Султан
18 C
Алматы
19.3 C
Шымкент

Марокконың тарихи жеңісі һәм Роналдудың орындалмаған арманы

Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем кубогының ширек финалында Марокко Португалия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Осылайша Марокко Африкадан және Араб әлемінен әлем кубогының жартылай финалында ойнайтын алғашқы ел болмақ. Ал португалиялық 37 жастағы футболшы Криштиану Роналдудың әлем чемпионы атану мақсатына нүкте қойылғандай.

«Біз бүкіліміз түс көріп жатырмыз, оянғымыз келмейді. Құйқым шымырлап кетті. Бұл жеңіске лайықпыз, себебі көп тер төктік, мұнымен тоқтамаймыз. Алда жартылай финал және Құдай бұйырса финал».

Бұл – марокколық футболшы Софян Боуфалдың матчтан кейін франциялық TF1 телеарнасына берген сұхбаты.

Төреші ысқырығы естіле сала марокколықтар құдды әлем чемпионы болғандай қуанды, бір-бірін құшақтап жеңістеріне сенер емес. Футболшылар бас бапкер Валид Реграгиді (құрамаға қыркүйекте ғана бапкер болып тағайындалған) аспанға лақтырып жатыр.

Кейін Софян Боуфалдың анасы алаңға жүгіріп шығып, баласын құшағына алды. Ашраф Хакими есімді марокколық футболшы стадионда отырған шешесін іздеп кетті.

Ал Португалия үшін, Португалияның жарық жұлдызы Криштиану Роналду үшін бұл күн траур. Португалиялық футболшылардың бірі бетін басып отыр, бірі жасыл алаңда көзін басып өкініп жатыр. Ал Роналду жылап, стадионнан кетіп бара жатты. Видеокамераның біразы жылаған Роналдуды стадионнан шығарып салды.

37 жастағы Роналду үшін бұл әлем кубогын жеңуге деген соңғы үміті еді. Чемпиондар лигасын, Англия, Испания, Италия чемпионатын, Еуропа чемпионатын жеңген Роналдудың жүлделер қатарында әлем чемпионы деген атақ ғана жоқ еді. Жасы келіп қалған футболшыға бұл атақ арманға айналып қала берді.

Катардағы әлем чемпионаты басталарда Марокко жартылай финалда ойнайды десе ешкім сенбес еді. Бұл елдің құрамасы сарапшылар мен букмекерлік кеңселердің болжамында фавориттердің қатарында мүлде болмаған.

2019 жылғы Африка ұлттары кубогында 1/8 финалда Бениннен, 2021 жылғы Африка ұлттары кубогының ширек финалында Египеттен жеңілген Марокко биыл әлем кубогындағы ірі сенсация жасады.

«Біз бұл жетістікке мың пайыз лайықпыз. Еліміз, халқымыз үшін күрескеніміз, жан салып ойнағанымызды айта алмаймыз. Әр ойыншыға, бапкерімізге, құрама жұмысшыларына құрмет. Катарда өзіміздің үйімізде ойнағандай болдық»

деді матчтан кейін Марокко құрамасының жартылай қорғаушысы Софян Амрабат.

Марокко Катардағы әлем чемпионатында бес ойын өткізіп, әлі жеңілмей келеді. Топтық кезеңде Бельгия мен Канаданы жеңіп, Хорватиямен тең түскен. Ал 1/8 финалда Испанияны жарыстан шығарды. Бір қызығы, марокколық қақпашы Боно бұл жарыста бес ойында өз қақпасына бір гол ғана өткізді.

Енді Марокко 14 желтоқсанда Франциямен жартылай финалда кездеседі. Жеңсе финалда ойнайды, жеңілсе қола медальға таласады.

Франция ширек финалда Англия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, 2018 жылғы әлем чемпионы атағын қорғауға тағы бір қадам жасады.

Cонымен Катардағы әлем кубогының ендігі ойын кестесі мынандай:

  • 13 желтоқсанда: Аргентина-Хорватия
  • 14 желтоқсанда: Франция-Марокко
  • 17 желтоқсан: Қола үшін матч
  • 18 желтоқсан: Финал.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар