«Путинді жазаға тартатын халықаралық трибунал құру керек»

10 желтоқсанда Халықаралық адам құқығын қорғау күні. Осы күн қарсаңында Ослода Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаттарын марапаттады. Биыл бұл сыйлыққа белорус құқық қорғаушысы, «Вясна» құқық қорғау орталығының негізін қалаушы Алесь Беляцкий, Ресейде сталиндік репрессия құрбандарын зерттеумен айналысатын «Мемориал» ұйымы, украиналық «Азаматтық еркіндік орталығы» ие болған.

9 желтоқсанда осы ұйымның өкілдері Ослодағы баспасөз жиынында Владимир Путинді «Украинадағы қылмысы үшін жазалайтын халықаралық сот құру» идеясын қолдады.

«Ерте ме, кеш пе, Путин бәрібір халық сотына тартылады» деді «Азаматтық еркіндік орталығының» жетекшісі Александра Матвийчук. Украиналық құқық қорғаушы «Ресей Украинадағы әскери қылмыстарды соғыс жүргізу әдістері ретінде пайдаланады: оның әскері адамдардың қарсылығын тыюға тырысады» деді. Оның сөзінше, бейбіт халыққа қарсы мұндай әдіс-амалдардың кеңінен қолданылуына ондаған жылдар бойы өзге елдерде (арасында Сирия да бар – құқық қорғаушы) «әскери қылмыс жасаған» Ресейдің жазасыз қалуы себеп дейді. Құқық қорғаушы сондай заңсыз әдістермен Путин мен Лукашенко өз елдеріндегі наразылықты да басады деді.

«Олар білгенімізді істей аламыз деп санайды. Қазір біз жазасыздық шеңберін үзіп, халықаралық трибунал құруымыз керек. Лукашенко, Путин мен өзге де кінәлілерді украиналықтар үшін ғана емес, өзге елдер үшін жауапқа тартуымыз керек» деді Александра Матвийчук.

«Мемориал» халықаралық қауымдастық басқармасының төрағасы Ян Рачинский де қылмыс жазасыз қалмауы тиіс деген тұжырымды қуаттады. Оның сөзінше, «Мемориал» ұйымының қызметіне Ресейде тыйым салынған.

«[Қылмыс үшін жауапқа тарту] бұл тұтас қоғам үшін маңызды: қоғам қылмыс жазаланатынын түсінуі керек. Бұл халыққа өз бойындағы үреймен күресуге мүмкіндік береді, қазір үрей қайта құру жылдарындағы деңгейден әлдеқайда жоғары. Өкінішке қарай 1990 жылдардың ортасынан бері Ресей кері жүре бастады – белгілі топтың уысында ғана болашақты ұстап тұру жұмыстары басталды. Сол себепті әскери қылмыс үшін жазалауға қол жеткізу маңызды» деді ол.

Франция Еуропа және украиналық әріптестерімен бірге Ресейдің Украинадағы қылмысына байланысты арнайы трибунал құру жұмыстарын бастаған. Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен идеяны қолдап, «Ресей адам шошырлық қылмыстары үшін», оның ішінде «егемен мемлекетке қарсы басқыншылық жасағаны үшін» жауап беруі тиіс деген. Алайда Ресейдің БҰҰ Женевадағы штаб-пәтеріндегі уәкілі Геннадий Гатилов мұндай трибунал құру үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі рұқсат беруі керек, ал Ресей Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде оған ешқашан рұқсат бермейді деген.

Жиын кезінде «Вясна» құқық қорғау ұйымының негізін қалаушы Алесь Беляцкийдің (қазір түрмеде) әйелі Наталья Пинчук Беларусьте билік күн сайын өз азаматтарына қарсы қылмыс жасап жатқанын айтты.

«Сыйлық адамдардың тағдырын өзгертеді деп үміттенгің келеді. Алайда репрессия жалғасып жатыр. Күн-түні Беларусьте адамдар өліп жатыр» деді ол.

Наталья Пинчук бұл әрбір отбасындағы мәселе екенін, себебі репрессиядан әйелдер мен балалар да зардап шегіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, мысалы Гомельде бір әйел белсенді саяси себеппен тұтқындалып, соның салдарынан билік оның кәмелетке толмаған баласын интернатқа жіберуге оқталып отыр. Ол әйелдер түрмесіндегі ауыр жағдай жөнінде де айтты.

«Камера тастай суық болғандықтан әйелдер көз ілмейді, жылына да алмайды. Әйелдер матрас жоқ металл рамаларда отыру үшін гигиеналық төсемелерді пайдаланады. Мұны түрме қызметкерлері білген соң төсемелерді тартып алған» деді Пинчук.

Түрмелердегі азаптау жөнінде айтқан Пинчук адамдар ол жақтан мүгедек болып шығады деді.

Ресейдің Украинаға басқыншылығын БҰҰ-ға мүше елдердің басым көпшілігі айыптап, әскерін Украинадан әкетуді талап еткен. Ресей Украинаға соғысын «денацификация» және «демилитаризациямен» түсіндіреді. Батыс елдері Ресейге қатаң санкция салған.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ