Көкшетауда «заңсыз есірткі сақтады» деген күдікпен қоғамдық кеңес мүшесі Мәлік Ахметқалиев ұсталды. Бұл жөнінде Kokshetau Asia сайты хабарлады.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, 21 маусымда Көкшетауда «есірткі сақтады» деген күдікпен 1983 жылғы тұрғын ұсталған. «Тінту кезінде ұсталған адамнан полиэтилен пакетіне салынған ақ түсті ұнтақ зат табылған». Сарапшылар «бұл ірі көлемдегі мефедрон есірткісі» екенін анықтаған.

«Заңсыз есірткі сақтау» бабы бойынша (296-бап, 4-бөлік) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Полицияның айтуынша, сол күні ұсталған адамның ағзасына анализ жасалып, нәтижесінде «зәрінен каннабиноид табылған».

Kokshetau Asia сайтының жазуынша, қала тұрғындары Мәлік Ахметқалиевті бұрын жергілікті депутаттар мен қоғамдық кеңес көтермеген қаланың көкейтесті мәселелерін қозғап жүрген белсенді деп біледі. Сайт оған қозғалған істі «бұлдыр іс» деп атап, құқық қорғау органдарын істің жай-жапсарын объективті қарауға шақырған.

Азаттық сөйлескен Көкшетаудың кейбір тұрғындары Мәлік Ахметқалиевті «жергілікті шенеуніктерді сынап жүрген заң жағынан сауатты азамат» деп атайды.

Қоғамдық кеңес мүшесі Мәлік Ахметқалиев Instagram парақшасында бюджеттен бөлінген қаржыға жүзеге асуы тиіс кейбір жобалардың жүзеге аспағанын жиі сынаған.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ