«Қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен алты жылға сотталған Грузияның бұрынғы Президенті, Украина азаматы Михаил Саакашвили  Германияның Bild деп аталатын басылымына сұхбат берді. Ол өзінің сотталуын саяси тапсырыс деп санайтынын мәлімдеді. Қозғалған қылмыстың істе  Владимир Путин шешуші рольді атқарды деп есептейтінін айтты.

Саакашвили өзінің «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» партиясы 2012 жылы сайлауда жеңіліп, биліктен айырылғанына Ресейдің астыртын жүргізген аса ауқамды арнаулы операциясы себеп болды дейді. «Олар сайлау алдындағы кампаниясы үшін Иванишвилиге (миллиардер, қазір Грузия билігіндегі «Грузин арманы» партиясының негізін қалаушы) екі миллиард доллар берді» деп есептейді. Оның сөзінше, сайлау алдында грузин миллиардері Ресейдегі активтерін жылдам сатып жіберген.

«Иванишвили Грузияны Путинге беріп жатыр, менің Украинаға оралып, Зеленскийге көмектескенімді қаламайды» деді экс-президент. Саакашвили Украинаның қазіргі президентін «осы заманның Черчилі» деп атады.

Михаил Саакашвилидің сөзінше, өзі 2021 жылы 1 қазанда қамауға алынғаннан кейін қатты азып, салмағы 120 келіден 67 келіге түскен.