Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «жеке дерек алмасу саласында өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

Қырғызстан басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл құжатқа 2020 жылы 18 желтоқсанда Қырғызстан, Қазақстан және Ресей қол қойған. Қазақстан мен Ресей келісімді ратификациялаған және құжат күшіне енуі үшін Қырғызстанның ішкі заңнама процедураларын реттеу қажет болған.

Жогорку кеңеш аталған заңды 25 мамырда мақұлдаған. 30 күннен кейін Қырғызстан президенті оған қол қояды. Сол кезде құжат күшіне енген болып есептелуі тиіс болған.

Үш мемлекет осы келісім аясында азаматтарының азаматтыққа қатысты деректері, тіркелген жылжымайтын мүліктері, әкімшілік немесе қылмыстық соттылығы бар-жоғы туралы мәліметтермен алмасады.

Бұған дейін ресейлік құқық қорғау органдары Қырғызстан ІІМ-ге іздеуде жүрген 85 мыңнан астам адам туралы ақпарат берген. 2-10 маусым аралығында Қырғызстанның күштік құрылымдары адамның бет-жүзін танитын камералардың көмегімен ТМД аумағында мемлекетаралық іздеуде болған 57 адамды тапқан.

Маусым басында Бішкекте бұрын Қырғызстанға қоныс аударған үш ресейлік белсендінің ұсталғаны белгілі болған. Осылайша Екатеринбургтегі әскери комиссариат ғимаратын өртеді деп айыпталған Алексей Рожков Қырғызстаннан Ресейге депортацияланған. 9 маусымда ресейлік «Левый блок» қоғамдық қозғалысы белсенді Лев Скорякиннің ұсталғанын хабарлаған. Ал 12 маусымда Бішкектің Бірінші май аудандық соты ресейлік «За права человека» қозғалысының бұрынғы баспасөз хатшысы Алена Крылованы тергеу изоляторына қамады.

Соңғы аталған екі адам Қырғызстан билігінен пана сұраған.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ