22 маусымда Алматыда полиция Oyan, Qazaqstan! белсендісі Айдос Темірғалиевті ұстап, 4,5 сағаттан кейін босатқан. Бұл жөнінде қозғалыстың Телеграм-арнасы хабарлады.

«Оған қарсы әкімшілік істі қозғай алатынын ескертіп, түсініктіме жазғаннан кейін полиция басқармасынан босатып жіберді. Қамауда шамамен 4,5 сағат болды» деп жазылған қозғалыс хабарламасында.

Oyan, Qazaqstan! белсендісі Айдос Темірғалиевті полиция бейсенбі күні түстен кейін ұстап, Бостандық ауданының полиция басқармасына апарған еді. Оны қолдауға қозғалыс белсенділерінің барғаны хабарланды.

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, оны 6 мамыр күні полиция басқармасы ғимараты алдында белсенділер Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті қолдағаны үшін ұстаған.

Полиция түсініктеме берген жоқ.

Мамыр айында Oyan, Qazaqstan! белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріпов «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін» 15 тәулікке қамалған еді. Сот Ермольчеваны наурыз айында «Дауысымызды ұрлады» деген пикет өткізгені үшін, Шәріповті кезектен тыс президент сайлауы күні акция өткізгені үшін қамаған. Олардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Изоляторда отырғанда Ермольчева аштық жариялаған.

Бірінші инстанциядағы сотта белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. 7 мамырға қараған түні бір топ адам белсенділерді қолдап, полицияға барған. Ақпаратқа қарағанда сол топтың арасында болған Айдос Темірғалиевті сол үшін ұстаған болуы мүмкін.

Бұған дейін Oyan, Qazaqstan! қозғалысының өкілдері 12 мамырда баспасөз мәслихатын өткізіп, қамалған белсенділерді босатуды және қудалауды доғаруды талап еткен. “Қозғалыс 2019 жылдан бері құрылды. Содан бері қозғалыс өкілдері қудалау мен қоқан-лоқыдан көз ашпай келеді” деген еді қозғалыс өкілдері.

Билік елде саяси көзқарасын ашық айтқандарды қудалау барын мойындамай келеді.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ