Парламент сайлауына қатысып, оның әділетсіз өткенін айыптаған экс кандидат, тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрім бүгін  жиырма бес күнге созылған әкімшілік қамаудан шығуы тиіс еді. Бұған дейін ол үш рет халықты митингке шақырды деген айыппен қамауда отырды.  Алайда, полиция басқармасының алдына жиналған Думанның туыстары мен жақтастарына оның тағы да қырық сегіз сағатқа қамауда отыратыны айтылды. Бұған журналисттің үстінен бұл жолы әкімшілік емес, қылмыстық істің ашылғаны себеп. Адвокат Ғалым Нұрпейісов  Д. Мұхамедкәрім «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» бабы бойынша күдікті деп танылғаны туралы хабарлады.  Істің қозғалуына журналистің қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовтан сұхбат алуы түрткі болған.

Тәуелсіз журналистің денсаулығының сыр бергені бұған дейін әріптестері мен туыстары тарапынан жиі айтылып жүр. Жақында ғана отырған изоляторда бүйрегінен “приступ” ұстаған. Алайда, Оған медициналық тексеруден өтуге рұқсат берілмепті. Қазір журналист Іле аудандық полиция басқармасының уақытша қамау изоляторында отыр.

YouTube желісіндегі Ne deidi? арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім наурыздағы парламент сайлауынан бері үш рет қамалды. Ол соңғы рет мамырдың соңында YouTube-арнасындағы видеода айтқандарына байланысты 25 тәулікке қамалған. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналистке ашылған істің саясиланғанын айтады.