ІІ Елизавета Тоқаев президент болғанда не деді?

Кеше түнде Ұлыбритания патшайымы II Елизавета 97 жасына қараған шағында қайтыс болды. Патшайым мен Қазақстан арасында қандай байланыстар бар? Ол Қазақстан туралы не айтқан?

Лондонда Назарбаев пен ІІ Елизавета кездескен
2015 жылы 4 қарашада Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондонға ресми сапармен барған. Сол кезде экс-президент Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы II Елизаветамен кездескен.
Назарбаев кездесу барысында патшайымға Біріккен Корольдікке сапарының қорытындылары туралы әңгімелей отырып, екі жақтың арасында көптеген келісімдер жасалғанын ризашылықпен атап өткен.
Сонда экс-президент еліміздің сыртқы саясатында ұлыбританиялық вектордың маңызы жоғары екенін, оған екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар ғана емес, іскер топтардың, академиялық қоғамдастықтардың, сондай-ақ екі мемлекет ведомстволарының арасындағы мықты серіктестік байланыстар да айғақ болатынын айтқан.
Ал ІІ Елизавета патшайым өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондонға ресми сапарының қорытындыларына жоғары баға беріп, оның нәтижелері екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Біріккен Корольдік халықтарының өркендеуіне қызмет ететініне сенім білдірген еді.
ІІ Елизавета сенім грамотасын алған
Сол жылы ақпанда ІІ Елизавета Қазақстанның Ұлыбританиядағы сол кездегі елшісі Ержан Қазыхановпен кездескен. Сонда Ұлыбритания патшайымы екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту мен кеңейтудің маңызын атап өткен. Ол Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен қарқынды дамып келе жатқанын айтқан еді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, әңгіме барысында Ержан Қазыханов саясат, экономика, білім және мәдениет саласындағы екіжақты қарым-қатынастардың даму динамикасы жоғары екенін айтқан.
«Бұған Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік туралы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар айтарлықтай ықпал етіп отыр», — делінген еді хабарламада.
Сол кезде ІІ Елизаветаға Букингем сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сенім грамотасы тапсырылған.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаған
2016 жылы 16 желтоқсанда ІІ Елизавета Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жіберіп, елдің ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтаған.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге орай патшайымның екі тілдегі үндеуін елордадағы Ұлыбритания елшілігі Facebook желісіндегі ресми парақшасында жариялаған.
«Жоғары Мәртебелі, Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атап өтіліп жатқан жылы Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты жылы лебізімді жолдау маған үлкен қуаныш. Сізге және Қазақстан халқына деген ізгі тілектерімді қабыл алыңыз», — делінген корольдік хабарламасында.
Тоқаев президент болғанда не деді?
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Қазақстан Президенті болып сайланғанда бірқатар елдің басшылары оған жеделхат жолдаған. Олардың ішінде ІІ Елизавета да бар. Ұлыбритания патшайымы өзінің хатында Қасым-Жомарт Тоқаевты шын жүректен Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.
«Сізге және Қазақстан халқына бар жақсылықты тілеймін, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастарды жалғастыруды тағатсыздана күтемін», — делінген жеделхатта.
Сол жылы желтоқсанда патшайым Тоқаевқа тағы бір жеделхат жолдаған. Ол кезде ІІ Елизавета Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтады еді.
«Жоғары Мәртебелі, Сізді ұлттық мерекеңізбен зор ризашылықпен құттықтай отырып, Қазақстан халқына бақыт пен өркендеу тілеймін», — делінген жеделхатта.
Қазақстанда ІІ Елизавета атындағы саябақ пайда болуы мүмкін
Биыл маусымда Нұр-Сұлтандағы саябақтардың біріне ІІ Елизавета есімін беру ұсынылған еді. Ол Нұр-Сұлтан мәслихатының ресми сайтында жарияланған.
Онда Қабанбай батыр даңғылының бойында орналасқан саябаққа Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің патшайымы II Елизаветаның есімін беру туралы ұсыныс түскені жазылған.
Мәслихат өкілдерінің айтуынша, ұсыныс екіжақты дипломатиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Жасыл аймақ «Салтанат сарайы» кешені мен The St. Regis Astana қонақүйі арасында орналасқан.
Massaget.kz