Мемлекет сенімін ақтауға тырысатындар көбеймек

Оңайгүл Тұржан, ақын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халық бір-біріне сүйіншілей айтатын екі дүние болды деп ойлаймын.

Біріншісі, студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесі. Жоғары білім беру саласында қызмет ететін болғандықтан, осы мәселенің өзекті екенін жақсы білеміз. Жолдауда жоғары оқу орындары мен құрылыс компанияларының жатақхана салу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілі ұсынылды. Меніңше, бұл идея кез келген жоғары оқу орындары басшыларының дереу іске көшу керегін аңғартады. Олар осы іске білек сыбана кіріседі деп сенемін. Тағы бір маңызды дүние – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына пәтер жалдауды субсидиялауды қарастыру жолы. Шынында бұрын осындай жақсы бастама болған жоқ. Осыған дейін жатақхана мәселесі студент пен оның ата-анасы ғана ойлау керек нәрсе ретінде көрінді. Енді мемлекеттік деңгейде студенттердің жатақханамен қамтылу жайы көтерілуде. Бұл – студенттің білім алуына жағдай жасап, болашақ маманның біліктілігін арттыратын шара деп ойлаймын.

Екінші сүйіншілеп айтар сөз, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аударылуы. Бұрын біз дамыған мемлекеттерде, Норвегияда, Араб елдерінде осындай үрдіс бар деп еститінбіз. Құдды ертегі сияқты естілетін еді. Мұндай шешімді кез келген мемлекет қабылдай алмайды. Демек, мемлекетіміздің даму мүмкіндігі көп екенін білдік. Биліктегілердің халыққа ықыласын көрдік. Өзінің болашағы үшін ақша аударылып тұрғанын білген бала тас-табанымен нық тұрады. Сөйтіп, білім алуға, еңбектенуге алаңсыз кіріседі. Кәсіп бастаймын десе де – өз еркі. Сеніммен жүріп, алдына күрделі мақсаттарды қоя алады. Балалардың болашағын айқындап берген фактор – осы болды. Мақсаты болған жерде кез келген бала босқа жүрмей, алға қарай ұмтылады. Қайткен күнде де, мемлекеттің сенімін ақтауға тырысатын жандар көбеймек.