Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова шетелдік құрылымдар тарапынан БАҚ, құқық қорғау, демократиялық реформалар мен азаматтық қоғамды қолдау жобаларының астарында елге зиян келтіретін саяси мүдделер жасырынуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда шамамен 200 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) шетелдік қаржыландыру алып отыр, олардың 70%-ы Америкамен байланысты.
«Өткен пленарлық отырыста еліміздегі USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолданды. Қоғамның реакциясын қысқаша былай сипаттауға болады – қазақстандықтар бөгде ойындардың тұтқыны болғысы келмейді. USAID мәселесінде америкалықтардың өздері де өздері қаржыландыратын мемлекеттік БАҚ-қа наразы. Олар мұндай БАҚ-тарды өткеннің сарқыншағы деп санайды», – деді депутат.
Смирнова АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Аустралия және басқа елдерде қабылданған заңдарды мысалға келтіре отырып, шетелдік ықпалды анықтап, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ететін өз заңнамамызды әзірлеуді ұсынды.
«Тіпті мамандардың өздері бізге достық ниеттегі ресурстар мен керісінше зиян келтірушілерді ажырата алмайды. Кейбір шетелдік ҮЕҰ-лардың әрекеті бізге кері әсер етуі мүмкін. Жылдар бойы „сұр аймақта“ жұмыс істеп келе жатқан бірқатар ұйымдардың мәртебесін қайта қарау қажет», – деді депутат өз сауалында.
Ол үкіметтен бұл мәселе бойынша ресми ұстанымын ұсынуды талап етті.