Антикор төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мемлекетке қайтарылып жатқан заңсыз активтердің қайта ұрлану қаупіне алаңдаушылық білдірді.
«Қайтарылған қаражатқа әлеуметтік нысандар салынып жатқанда, олардың тағы да талан-таражға түсуі бізді күлкіге айналдырады», – деді ол Мәжіліс дәлізінде.
Сарқұловтың айтуынша, мұндай жағдай мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, бүкіл қоғамға материалдық және моральдық тұрғыдан ауыр соққы болмақ.
«Мұндай қылмысқа барған адамдардың ісінің құны көк тиын. Егер осындай жағдайлар орын алса, кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылуы тиіс», – деп атап өтті ол.