Жасөспірімдерге қатысты күш қолданумен жасалған тонау бойынша іс қозғалды — барлығы тоғыз адам күдікті ретінде танылды. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, олардың ата-аналарына қатысты бөлек сот өтеді.
Теміртау қалалық соты 67 жастағы зейнеткерді соққыға жығып, тонады деген күдікке ілінгендерді қамауға алды. Күдіктілердің жетеуі — кәмелетке толмаған. Сот олардың барлығына ең қатаң бұлтартпау шарасы — екі айға қамауға алу түрін таңдады.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 191-бабы 3-бөлігі — «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, күш қолданумен ұласқан тонау» бойынша қозғалды.
Мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан басталады.
Қосымша түрде жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды — оларды баланы тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартады.
Нақты не болғанын жоғарыдағы жазбалардан білуге болады. Бірнеше күн бұрын Теміртаудағы оқиғаға байланысты әкім орынбасары мен мектеп басшылығына қандай жаза қолданылғаны белгілі болды.
Алайда жасөспірімдер саны мен әр топқа қолданылған шараларға қатысты нақты ақпаратта түсініксіз тұстар бар. Себебі бірінші топ қарт адамға оның үйінде шабуыл жасаған, ал екінші топ зейнеткерге жасалған зорлық-зомбылық кадрларын көріп, «тәртіпсіздерді жазалауға» шешім қабылдаған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха жуырда барлық күдіктінің ұсталғанын айтты.