Алматы қаласының аумағын дамыту ережелері мен құрылыс нысандарына бару тәртібі XXVI шақырылымдағы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралуда.
Заңсыз құрылысқа қатаң бақылау
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амриннің айтуынша, соңғы үш жылда мемлекеттік қала құрылысы бақылауы тарапынан 717 ұйғарым шығарылып, 69 нысан бұзылған.
– Соңғы жылдары заңсыз жеке құрылыс қарқынды түрде жүріп жатыр, әсіресе, бұл құбылыс қала маңындағы таулы аймақтар мен сейсмикалық қауіпті аумақтарда белең алған. Осыған байланысты Алматы қаласының аумағын дамыту ережелерін бекіту қажет. Бұл ережелер құрылысқа қатаң шектеулер мен талаптарды енгізеді, – деді ол.
12 қабаттан биік ғимараттарға тыйым
Ережелердің басты жаңалықтарының бірі – нүктелі құрылысқа, аулалар мен рекреациялық аумақтарда құрылыс жүргізуге, сондай-ақ, 12 қабаттан биік ғимараттарды салуға тыйым салу. Сонымен қатар, жаңа ережелер құрылыс нысанын пайдалануға беру мен оны меншік иелерінің ОСИ-ға құжаттарын тапсыруға дейінгі барлық процесті реттейтін болады.
Қаланың бес орталығын дамытуға бағытталған регламент
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – Алматы қаласының жаңа Қала құрылысы регламентін бекіту. Бұл құжат мегаполистің бес орталығын теңгерімді дамытуға мүмкіндік береді.
Регламентте функционалдық зонирлеудің нақты карталары жасалған. Олардың қатарына су қорғау аймақтары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жел аймақтары және басқа да аймақтар кіреді. Осы карталар қала құрылысы қызметіне жоспарлық шектеулер қояды.
Құрылыс нысандарына қолжетімділік
Сессияда құрылыс нысандарына бару тәртібін бекіту мәселесі де қаралуда. Бұл құқықтық негіз Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заңда көзделген. Атап айтқанда, құрылыс нысандарын тексеру үшін қала құрылысы бақылау басқармасының нысандарға кедергісіз бару құқығы бекітілген.
– Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ескере отырып, бұл ережелер тек қала аумағына қатысты болады және құрылыс нысандарының сейсмобезопастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Инспекциялау кезінде ғимараттың негізі мен қаңқасы ғана тексеріледі, – деп атап өтті Асқар Амрин.
Бұл бастама Алматы қаласының қауіпсіз әрі тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам болмақ.