Депутат Магеррам Магеррамов Қазақстанда жыныс ауыстыру оталарын жасауға тыйым салуды талап етті.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының жетекшісі жыныстық сәйкестік бұзылысы бар адамдарды психикалық науқас деп танып, оларға жыныс ауыстыру бойынша хирургиялық оталар жасауға тыйым салуды ұсынды.
Мәжіліс отырысында ол премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолданған депутаттық сауалды оқып берді. Онда депутат «мәдениетімізге жат құндылықтарға» сілтеме жасап, жыныстық сәйкестік бұзылысы бар адамдарға өз денесіне билік етіп, мұндай оталар жасауына қаншалықты рұқсат беру орынды екенін сұрады.
«Еліміздің бай тарихын, ата-бабаларымыз сақтап қалған өзіндік ерекшеліктерін, мұра болып қалған мәдени және дәстүрлі құндылықтарды ескере отырып, жыныстық сәйкестік бұзылысы бар адамдардың жынысын өзгертуі біз үшін қаншалықты қолайлы деген сұрақ туындайды», – деді Магеррамов.
Мәжіліс депутаты жыныстық сәйкестік бұзылысы бар адамдарды (өздерін туған биологиялық жынысынан басқа жыныс немесе гендер өкілі ретінде сезінетіндерді) психикалық ауруы бар адамдар деп санайтынын меңзеді.
«Жыныстық сәйкестік бұзылысы бар адам“ деген ұғымның өзі белгілі бір ауытқудың бар екенін білдіреді», – деп мәлімдеді депутат.
НПК өкілі жынысын ауыстыруға шешім қабылдаған қазақстандықтар саны туралы егжей-тегжейлі есеп беруді талап етті.