23 C
Нур-Султан
22 C
Алматы
23.3 C
Шымкент
23 C
Нур-Султан
22 C
Алматы
23.3 C
Шымкент

Жұмыс істеймін дегенге мүмкіндік мол

«Кедейлік кетсін десең, еңбек ет.Молшылық жетсін десең, еңбек ет!» деген бабалар сөзі бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Әсіресе, Алматы секілді алып шаһарда еңбек етпей, діттеген мақсатыңа жету тіпті мүмкін емес. Арман қалаға аяқ тірегін жанның бәрі мұны біледі. Бірақ, кейде миллиондар тірлік ететін мекеннен өзіне лайық жұмыс таппай, жансебіл болып қалатындар баршылық. Мұндайда құзырлы орындардың бағыт беруі, жөн сілтеуі тығырыққа тірелген жандарға үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті. Алматы қаласының әкімдігі бұл міндетті барынша абыройлы атқарып келеді.

Алматыны көрікті ету, көркем ету – қала тұрғындарының қолында

Жұмыспен қамту шарасы тек бос орындар тізімін жасап, жұмысшы іздеген мекемелердің мекен-жайын көрсетумен өлшенбейді. Бұл, әрине, жұмыспен қамту саласында ел білетін, өз тиімділігін дәлелдеген тетіктің бірі. Оның үстіне, Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы мұндай іс-шараларды жүйелі атқарып, жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілер арасындағы сенімді серікке, алтын көпірге айналған. Орталықтың парақшаларын үнемі қадағалап отырған тұрғындар қай күні «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» болатынын, қандай кәсіби оқыту шаралары қолға алынғанын біліп, нақты жұмыс ұсынатын мекемелердің байланыс нөмірлеріне қол жеткізеді.

Сондай-ақ, орталық өзінің басты міндетінен бөлек жұмыссыздарға құқықтық кеңес беруді, психологиялық қолдау көрсетуді жолға қойған. Өз бетінше кәсіп ашамын, идеяларымды жүзеге асырамын деген белсенді азаматтарға да арнайы гранттардың бөлініп, бизнес-идеяларға конкурс жарияланғанын осы орталық халыққа бірінші болып жеткізеді. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекет тарапынан жұмыссыздықты жоюға бөлінетін қаржы да, қолдау да үлкен. Орталық жұмыс сұраған халыққа сүйінші хабарды айтып қана қоймай, қандай бизнес-идеялардың сұранысқа ие екенін, конкурста қандай құжаттар ұсыну қажеттігін, грантқа қол жеткізуде неге мән беру керектігін жан-жақты, тәптіштеп түсіндіреді.

Қалай болғанда да Алматыны көрікті ету, көркем ету – қала тұрғындарының қолында. Ал ортаға көңіл бөлу үшін азаматтардың өзі табысты болып, ештеңеге алаңдамауы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда да қала әкімдігі барлық азаматты жұмыспен қамтуға, тұрғындардың жағдайын жасауға мүдделі.

Кәсіп игеру – тәуелді болмаудың кепілі

Жұмыспен қамту ісінде азаматтарды белгілі бір кәсіпке бейімдеудің де маңызы зор. Өйткені жыл сайын тек Алматыда орналасқан жоғары оқу орындарын мыңдаған түлек бітіреді. Олардың кейбірі мамандықты жүрегімен қалап таңдамаған, кейбірі жинаған балы грантқа түсуге мүмкіндік беретін оқу орнына амалсыздан құжат тапсыра салады. Мұндай жастардың мамандықты да жетік меңгеріп шығуы екіталай. Сондықтан, дипломы бар талай жас жұмыссыздар қатарына қосылуға, немесе кез келген жұмысқа табан тіреуге мәжбүр. Ал осы білімді жұмыссыздардың санын азайту үшін Алматы қаласының әкімдігі мектептерде үнемі басқосулар өткізіп, мамандық таңдауда қателеспеуге негіз қалап жүр. Жастар өзінің қолынан келетін, жүрегі қалайтын, қабілет-қарымы сәйкес келетін мамандықтарды таңдағаны жөн. Сонда ғана олар саланың дамуына, өзінің маман ретінде қалыптасуына жол ашады. Жастар жоғары оқу орнында оқымасаң, жұмыссыз қаласың деген түсініктен арылуы керек. Одан гөрі арнаулы оқу орындарында, кәсіптік колледждерде білім алып, өз жұмысын жандандырғаны абзал.

Мысалы жақында Алматыда «Кәсіптік білім: табысқа жету жолы» атты жұмысшы мамандығын насихаттауға бағытталған маңызды фестиваль өтті. Осы шараға қаланың 12 000 оқушысы мен 700 колледж студенті қатысып, мамандықтар туралы мол мағлұмат алды. Алматы қаласының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің позицияларын, кәсіптік бағдар беру және жұмысшы мен орта буын мамандығын насихаттауға бағытталған бұл фестиваль жастардың мамандыққа байланысты таным-түсінігін кеңейтері, өмірден өз жолдарын дұрыс табуына көмектесері анық.

Мамандық меңгеріп, шәкіртақы алыңыз!

Бұған қоса, Алматы қаласының әкімдігі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді кәсіби курстарды жүргізіп келеді. Осы курстардың көмегімен қаладағы жұмыссыз тұрғындар біліктілігін арттырып, жаңа мамандық ала алады. Өйткені, жұмыссыздықтың себеп-салдарына үнемі мониторнг жасап отыратын орталық дәл қазіргі уақытта қоғам қандай кәсіп иелеріне зәру екенін, қандай мамандықтар жоғары сұранысқа ие екенін анықтап, жұмыссыздарды осындай қажетті кәсіпке бейімдеуді мақсат етеді.

Сондай-ақ, осы бағдарлама шеңберінде дипломда көрсетілген мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жандар 25 кәсіп түрі бойынша қайта даярлаудан өтеді. Оның ішінде бүгінде қоғам жиі қызметіне жүгінетін тігінші, автослесарь, байланыс операторы сияқты мамандықтар бар. Ең кереметі, таңдаған мамандығына байланысты бір айдан алты айға дейін оқып, білімін жетілдірген азаматтарға қазына қоржынынан ай сайын стипендия төленіп қана қоймай, қолына сертификат беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

Мүмкіндікті қолдан шығармайық!

Жұмыссыз жүру, елден көмек күту жаман әдетке айналмауы керек. Алматы қалалық әкімдігі азаматтарға қызмет ұсынарда ең алдымен осы ұстанымды басшылыққа алады. Себебі, бізде әлі күнге дейін біреу көмектессе, қолдау көрсетсе, аз жұмыс істеп, көп ақша тапсам дейтін қате түсініктен арылмаған жандар баршылық. Олардың санасына сілкініс жасау үшін Жұмыспен қамту орталығы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде пайдалы жазбалар жариялап, мемлекеттік бағдарлама, гранттар, жұмыссыздарға арналған жәрмеңке, кәсіпке баулу курстары туралы ақпараттармен тұрақты бөлісіп отырады. Жұмыс тапқысы келген, ешкімге алақан жаймай тіршілік еткісі келген адамдар осы хабарламаларды тұрақты қадағалап, қажетіне жарата алады. Мемлекет берген мүмкіндікті, қаржыны халық өз игілігіне жарата білсе құба-құп.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар