11 C
Нур-Султан
10 C
Алматы
22.3 C
Шымкент
11 C
Нур-Султан
10 C
Алматы
22.3 C
Шымкент

СЕРІКБОЛСЫН ӘБДІЛДИННІҢ 2004 ЖЫЛЫ «АҚЖОЛ ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНЕ БЕРГЕН ТАРИХИ СҰХБАТЫ

СЕРІКБОЛСЫН ӘБДІЛДИННІҢ 2004 ЖЫЛЫ «АҚЖОЛ ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНЕ БЕРГЕН ТАРИХИ СҰХБАТЫ

-«Ақ жол Қазақстан» газетінің биылғы жылғы 1-санында «Машкевич қазақ экономикасының үштен бірін ұстап отыр» деген мақала жарық көрді. Машкевич, Шодиев секілді шетел азаматтары қазба байлығымызға ие болып отырғанда, біздің өкімет неге қауқарсыздық таныта береді деп ойлайсыз?

-Президентсіз жерде жатқан бір шегені көтеріп көр. Бәрі бақылауда тұр. Оның шетелдің компаниялары мен азаматтарына берген жеңілдіктері ұшан-теңіз. Жұрттың бәрі қазір айтып жүр, бұл жерде әр шенеуніктің өз пайдасы, үлесі бар деп. Машкевичтің Назарбаевтың есігін теуіп ашатыны сол. Машкевич қазір Павлодар облысынан кімді депутат жасаймын дейді, кімді әкім тағайындаймын дейді, өзі біледі.

Есіңізде болса, астанаға көшетін жылы тұрмысы нашар адамдарды қолдайтын қор құрамыз деп өкімет мәселе көтерген. Сонда 1 миллион долларды Машкевич атады. Теледидардан көрсетті.  Мен сонда жерге кіріп кете жаздадым. Машкевич қорға әлі соманы саламын дегенде, Назарбаев орнынан ұшып тұрып келіп, бас салып құшақтап сүйіп жатыр. Сол ақша кімдікі? Қазақ халқынікі. Соның жерінің қазба байлағынан шыққан ақша. Өзіміздікі. Ал президент әлгі садақаны мәз болып алып отыр. Ұят емес пе? «Қазақгейт» ақшасы да-халықтікі. Талан-таражға салынға дүние ғой, осының бәрі. Машкевич-шетелдің азаматы бола тұра, Қазақстанда өзінің саяси партиясын ұстап отыр, қаржыландырып отыр, ел біледі. Осының өзі бізде заң жұмыс істемейтінін көрсетпей ме? Шетелден келген олигархтардың бәрі үлкен адамның қолтығында отыр, оны депутаттардың бәрі біледі.

Кенді өндейтін өндіріс орындары дүниежүзілік деңгейде болады. Мысалы, түрлі-түсті металдарға Лондонда биржа бар. Сонда кеңес заманында Қазақстанның мысы, алтыны, қоласы-бәрі әлемде бірінші этолонда тұратын. Сол кезде қазба байлығымызды иеленіп отырған Машкевич, Ханмен, Юн-сюн… дегендер есес, өзіміздің күшті мамандар болды. Сауық Тәкежанов, Ахат Көленов секілді түрлі-түсті металдардың әлемдік дәрежедегі мамандарымыз бар. Сауық Тәкежанов кезінде түрлі түсті металлургияның министрі болды. Бұл кісі СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса сирек кездесетін технолог еді. Бізде басқа да өте күшті мамандар бар бұл салада. Қара металдан да ірі мамандар болды. Соның бәрі керек болмай қалды. Енді Машкевич сияқты филологтар шетелдің азаматы бола тұра біздің түрлі түсті металлургиямызды уысында ұстап отыр.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң, 94-жылы өндіріс саласын бакротқа жеткізді. Сол жылы қазақ экономикасының 24.6 пайызы, яғни, төрттен бірі бір-ақ жылдың ішінде құрыды. Мұндай кері кету әлемде болмаған. Бұл жерде қандай саясат болды? Саясат: өндіріс орындарының бәрін банкротқа ұшыратып, аукционнан сату болды. Бір ғана адам осыны істеткен. Қазіргі жасалып отырған мемлекеттік саясаттың бәрі -халықты қанау саясаты. Тіпті өнер адамның өзін әбден бүлдіріп коммерсант қылып жіберген саясат болды ғой бұл…

-Былтыр Парламенттегі  қызмет кабинетіңізде тұрған минералды суға у салынғанын, оны сіздің ішіп қоя жаздағаныңызды білеміз. Сол рас болған оқиға ма?

-Рас емегенде. Әлде мен атымды шығара алмай, елді дүрліктіріп жүрген жас баламын ба? Салқын су болғасын ұрттаған соң жұтпай, аузымда кішкене ұстап едім, удай екен. Сол жерде түкіріп тастадым. Ішіп қойсам, аман қалмасым анық еді. Бұл жайтқа байланысты ашылған қылмыстық іс осы күнге дейін жабылған жоқ…

-Жақиянов жақын арада түрмеден шықпайды деген сөз бар. Сіздің пікіріңіз?

-Жақиянов ұзақ отырған сайын Президентке де келетін сөз көбейе береді. Оны жақын арада босатпаса, кейін кеш болып кетуі де мүмкін. Жақияновтың түрмеде отыруынан біз мемлекет ретінде жаман атқа ие болып отырмыз. Бұл- зор қателік. Жалпы, оны (Әблязов екеуін) отырғызудың өзі -үлкен қате болды. Сот қылмыстарын дәлелдей алмады. Тек саяси мотивпен отыр.

-Оппозицияның аса ірі өкілісіз, сіздің үстіңізден де «қылмыстық істер» қозғалып кетуі мүмкін деп қауіптенбейсіз бе? 

-Менің ешқандай меншігім жоқ. Зауыт, телеарнам жоқ. Басқаны қойып машинем де жоқ. Өмір бақи мемлекеттің бір тиынын жеген адам емеспін. Жоғарғы Кеңестің төрағасы болар кезімде, 1991 жылы Нұрекең мен туралы жан-жағынан қопартып тексерткен. 1990 жылы Қазақ ССР ЖОғарғы Кеңесіне депутат болдым. Ерік Асанбаев Жоғарғы Кеңестің төрағасы болғанда, оған Мәскеуден орынбасар болып келдім. Ол 1991 жылы вице-президент болып кеткенде, орнына депутаттар мені төрағалыққа сайлады. Президент үзілді-кесілді қарсы болды маған. Бірақ сайланып қойған соң не істей алмақ? Былығы жоқ па, жеп қойған бірдеңесін ашып қалармын деген дәмемен тексертті де, онысынан ештеңе шықпады. Жоғарғы Кеңесті 1993 жылдың күзінде тарқатқаннан кейін де, ойбай, мынау жеп қойыпты деп те шығарды. Лауазымын пайдаланыпты деп Бас проеуратураны да артыма салып қойды. Қойшы, әйтеуір істемегені жоқ.

-Орныма үміткерлердің бірі деп қараған деп ойлайсыз ба сонда?

-Әрине. Әйтпесе алты аласы, бес бересіз жоқ, менде несі бар? Мен тіпті ол кезде президенттікке ұмтылған да емеспін. Қазір де компартияның ішінде іріткі салғысы келеді. Ұстараның жүзінде саяси күрес маған не үшін керек? Қызмет те керегі жоқ. зейнеттегі адаммын. Жұмыс керек болса, өзімнің ғылыми орталығым бар. Шәкірттерім бар, жас ғалымдарды тәрбиелеп, оқулықтарымды шығарам. Маған бір ғана нәрсе керек. Ол мемлекеттік дамуы. Ұрлық пен қарлыққа белшесінен батқан мемлекет ұзақ жасай ала ма? Тәуелсіздігін ұзақ ұстап тұра ала ма? Жоқ. Осыны көріп отырып мен үйде қол қусырып отыра алмаймын. Ел үшін, халық үшін саяси күресте жүруді азаматтық парызым деп білемін.

-«Асар» партиясы тез арада құрылып, енді биылғы сайланатын Мәжілістен 50 пайыз орын аламыз деп отыр, компартия бұған не дейді?

-«Асар» Елбасының қызына қалдырып отырған мұрасы секілді есептеліп жүр. Сенде бәрі бар, енді өз саяси партияң болсын дегені болса керек. Қазір кейбір журналистер жазып жүр ғой, «Асардың» құрылуы-Назарбаевтың әлсіреуі» деп. Меніңше, ол да жоқ емес тәрізді. Жаман айтпай жақсы жоқ, дүние қалай болып кетеді деп, немесе Әзірбайжандағы тақ ауысуы бізде де болып қалар деп «Асарды» өзі құрғызуы да мүмкін.

-1999 жылғы Президент сайлауында біршама дауыс жинадыңыз…

-Ол ресми дерек бойынша. Халық ішінде менің көп дауыс алғанымды бәрі біледі. Тіпті, үрім-бұтағымен дауыс берген адамдарды білем. Құқықтары, өкілеттіктері шектеулі болса да, сол кезде де сайлау комиссияларында бақылаушылар болды. Солардың болжауы бар, санағаны бар, менің 50 пайыздан астам дауыс алғаныма олар күмәнданбайды. Олардың есептегені-дауыс берген сайлаушылардың жартысынан артығы. Басты үміткердің пайдасына көрінеу бұрмалаушылық та орын алды. Қалай болса да дауысты тапсырылған пайызға көтеру міндет болған. Мұндай қаралықты референдум өткізгенде де де Парламент және мәслихат сайлауларында қолданғаны жұртқа мәлім.

-Жер туралы кодекске мораторий енгізу керек деген ұсыныстар айтылып жүр.

-Былтыр мамыр айында Жер кодексі кабылданарда мен солай деп Үкіметке қолма-қол айтқам. Қыркүйекте Даниал Ахметовке арнайы жазып та бергем, кодекстің мынадай-мынадай баптарын тоқтату керек деп. Жерді сатпау керек деп. Бұл жерде мындай мәселе бар. Біз күнделікті айтыс-тартыста ойла алмаймыз. Біздің жеріміз соңғы елу жылдың ішінде қатты жараланды. Тіпті 2 дүниежүзілік соғыс жүріп өткен жерлер, снаряд, бомбы түскен жерлер қазақ жері құсап жарақат алған жоқ. Біздің жер қаңсырап қалды кеңес тұсында. Соны қазіргі Елбасы да, оның айналасында жүргендер де, зиялы азаматтар да ескермейді. Тың деп 50 жылдығын атап жатырмыз. Рас, экономиканы көтердік. бірақ соның зардабы да зор болды. 13 млн га жер жыртудың орнына 25,5 млн  га жер ғана көтерілуі керек еді. Оны асыра сілтеп 42 млн га-ға жеткізді. Ең үлкен қателік-жерді талғаусыз жырта бердік. біріншіден, құмды да жыртты. Жел соққанда жер эрозиясы пайда болды, екіншіден, жерді суарамыз деп жыртты. Ол жерде су шамадан тыс көбейіп, «вторичное засоление» деген болады, екінші рет топырақ тұзданады, мен агрономмын, жақсы білем бұл жағын. Ол дегеніңіз, су жер астына сіңе  беріп, жер астындағы тұздарды бетіне шығарады. Соның бәрі қазақ жеріне айтып жеткізгісіз қиянат болды.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар