Мақпал Мейірбекқызы: Іс сапарыңыз ұзаққа созылғандықтан осы сұхбатымызды бірнеше рет кейінге шегеріп едіңіз. Бүгін – әкеңіздің туған күні қарсаңында кездесудің сәті түсті.
Мұхтар Тайжан: Иә, 8-ші наурызда әкем көзі тірі болғанда 79 жасқа толатын еді.
Мақпал Мейірбекқызы: Әкеңіз 1993-1999 жылдары бірқатар араб елдерінде елші болыпты. Шамамен сол жылдары (1994-1999ж.ж) Қасым-Жомарт Кемелұлы да сыртқы істер министрі болып қызмет еткен. Бір салада бес жыл бірге істеген екі атақты дипломаттың қарым-қатынасы қандай болғаны қызық болып тұр. Әкеңіздің Тоқаев туралы ойы қандай еді? Бәлкім екеуі дос болған шығар? Мүмкін бір-бірінің туған күндеріне барған шығар?
Мұхтар Тайжанұлы: Тоқаев мырза әкемнің бастығы болды ғой. Дос болды деп айта алмаймын. Ол кісі әкемнен он жастай кіші. Екеуі де Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірді. Екеуі де карьераларын кеңес одағы кезінде бастаған. Менің әкем – мықты арабист еді. Ал Тоқаев болса қытайша, ағылшынша жақсы сөйлейді. Бірақ екеуінің қарым-қатынасы қандай болғанын анық айта алмаймын. Өткен жылы президенттің қабылдауында болған кезде де әкем туралы ешқандай әңгіме айтылмады. Дегенмен олардың арасы жаман болмаған шығар деп ойлаймын.
Мақпал Мейірбекқызы: Сіздің 2014 жылы «шаршадым» деп саясатпен қош айтысқан кезіңізді еске түсірейікші. Ол кезде оппозицияның компромиске келмейтін, айтқанынан қайтпайтын, өжет өкілі сияқты болдыңыз. Ал қазір…
Мұхтар Тайжан: Сөзің аузыңда, Мақпал. Мен оппозиционер болсам да, ешқандай оппозициялық партияның мүшесі болған жоқпын. Осы жерде «партияға мүше болған жоқпын» деген сөздің астын сызып айтқым келеді. Біздің қозғалысымыз болды…
Мақпал Мейірбекқызы: Қозғалысты қоя тұрайықшы. Сіз 2011 жылы Серікжан Мәмбеталин деген азамат басқарған «Руханият» партиясының мүшесі болмадыңыз ба?
Мұхтар Тайжан: Дұрыс айтасың, Мұхтар Шаханов ағамыз шақырған соң, «Руханиятқа» бас-аяғы жиырма күн ғана мүше болғаным рас. Олардың құрамына құлшынып кірдім деп айта алмаймын. Шаханов «…егер парламентке өтетін болсақ, заңдармен кім айналысады? Ішімізде экономист те, заңгер де жоқ. Сондықтан інім, сен бізге керексің» деп мені көндірді. Бірақ Жаңаөзен және Шетпе қасіретінен кейін моральдық тұрғыда сайлауға қатысуға құқығымыз жоқ деп есептедім. Ал «Руханият» бәрібір қатысамыз деп шешіпті. Позициямыз екіге бөлінгендіктен мен олардың қатарынан шығып кеттім.
Мақпал Мейірбекқызы: Түсінікті.
Мұхтар Тайжан: Бірақ мен сен айтқандай, 2014 жылы саясаттан кетерде «шаршадым» деп айтқан жоқпын. Сол жылы маған жоғары жақтан «қатты қысым» көрсетілгендіктен саясаттан кетуге мәжбүр болдым. Менің 15 миллион долларға бағаланған бизнесімді сот аноним арызға сүйеніп, тартып алды.
Мақпал Мейірбекқызы: Қысым жасағандар саясатқа оралуыңызға қалай жол беріп қойды? Бизнесіңіз не болды?
Мұхтар Тайжан: Саясатқа 2016 жылы оралғанда ешкімнен рұқсат сұраған жоқпын. 2014 жылы «Құдай сақтасын, елде сепаратизм немесе басқа бір үлкен дағдарыс, проблема пайда болса, мен саясатқа ораламын» деп айтқанмын. 2016 жылы елде жер дауы шыққан соң, саясатқа оралуға тура келді. Ал бұрынғы бизнесімді тартып алғаннан кейін екі жыл 2014-2016 Шеңгелдіде ауыл шаруашылығы өнімдерімен айналыстым. Жоғарыдағылар менің табыс әкелетін бизнесімді тартып алғаннан кейін басқа не істеймін.
Мақпал Мейірбекқызы: Саясаттан екі жылға тайм-аут алғанға дейін сіз митингке де, пикетке де шығып жүретін танымал оппозиционер едіңіз. Жаныңызда Қасым Аманжол сынды азаматтар жүретін. Қазір Президенттің қабылдауына кіріп жүрсіз. Ара-тұра депутат, министрлермен суретке түсесіз. Сіз бұрынғыдай оппозиционер емессіз ғой.
Мұхтар Тайжан: Мен ұстанымымды өзгерткен жоқпын, баяғы қалпында. Бұрын еліміздің Еуразиялық одаққа кіруіне, жерімізде ресей полигондарының жұмыс істегеніне қалай қарсы болсам, бүгін де солай қарсымын. Осы күнге дейін істеген жұмысым, сөйлеген сөзім, өткен жолым – ұстанымымның берік екенін білдереді деп ойлаймын.
Мақпал Мейірбекқызы: Сіздің Сенім кеңесінде көтерген мәселелеріңізді Президенттің қолдағанын байқадық. Сіз де мемлекет басшысының саясатына оң баға беріп жүрсіз. Бұл екі факт сіздің қай жағынан алсаңыз да оппозиционер емес екеніңізді білдіреді ғой.
Мұхтар Тайжан: Иә, соңғы жылдары менің ұстанымдарымды билік қолдап жүр. Жер мәселесін есіңізге түсіріңіз, космомониторинг, сыртқы қарыздар мен кірістердің ашық жариялану мәселесі, квазимемлекеттік компанияларды қысқартуды алыңыз… Мен емес, керісінше билік менің ұсыныстарымды қабылдап отыр ғой.
Мақпал Мейірбекқызы: Екінші жағынан, әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызды ашсам, үкімет басшысынан бастап, министрлерді, квазимемлекеттік компаниялардың өте беделді, өте сұсты басшыларын астарлап емес, ашық түрде аттарын атап сынайсыз. Биліктен қысым көрген адамға ұқсамайсыз. Әлде сізге президенттен басқа шенеуніктердің барлығын сынауға арнайы рұқсат берілген бе?
Мұхтар Тайжан: Маған ешкім ешқандай рұқсат беріп жатқан жоқ. Не жазам, не айтам ешкіммен ақылдаспаймын. Бірақ мен олардың жеке бастарын емес, жұмысын сынап жүрмін ғой. Мысалы, кеше ғана ауыл шаруашылығы министрінің кабинетінде болдым. Министрмен қарым-қатынасымыз тәуір. Бірақ оның ведомствосы субаренданы ұсынды. Мен мұны біліп тұрып, министрге қалай қарсы шықпаймын. Жаңа ғана жеке парақшама сынап пост жаздым. Бұл жерде жеке қарым-қатынас пен ел мүддесін шатастыруға болмайды.
Мақпал Мейірбекқызы: Бұған дейін берген сұхбаттарыңызда «Қателік жасасам, кешірім сұрай аламын» деп айтқаныңызды естідім.
Мұхтар Тайжан: Кешірім сұрау – мен үшін қиын емес. Егер кінә менен болса. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрі субаренданың пайдалы екенін нақты фактілермен дәлелдеп берсе, мен одан халық алдында кешірім сұрауға дайынмын. Бірақ оған дейін мен субарендаға қарсы боламын.
Мақпал Мейірбекқызы: Соңғы жарты жылды есіңізге түсіріңізші. Саясатта кімнен кешірім сұрадыңыз?
Мұхтар Тайжан: Ермек Нарымбаевқа жаңа жылдың алдында бір-бірімізді кешірейік деп жекесіне жаздым. Ол бас тартты. Маған әлі күнге дейін ренжіп жүрген сияқты.
Мақпал Мейірбекқызы: Кикілжіңге не себеп болды?
Мұхтар Тайжан: Екеуімізге ғана қатысты түсініспеушілік, жеке себептер.
Мақпал Мейірбекқызы: Жақсы. Нарымбаевтан басқа қазіргі шенеуніктерді алдымен сынап, артынан ол туралы пікіріңізді өзгерткен кезіңіз болды ма?
Мұхтар Тайжан: Есіме түспей отыр. Болмаған сияқты.
Мақпал Мейірбекқызы: 2014 жылы Ресей мен Украина арасындағы жағдай шиеленіскенде сіз Алматыдағы Ресей елшілігінің алдына шығып, Украинаның территориялық біртұтастығын қолдағаныңыз есіңізде шығар. Былтыр президент Германияның басылымына сұхбат бергенде екі елдің мәселесін қозғап өтті. Сол кезде сіз президенттің көмекшісі болған Мәулен Әшімбаевты қатты сынадыңыз. Ал беріректе, оның қабылдауында болып, жақсы пікір жаздыңыз. Араларыңыз қалай жылыды?
Мұхтар Тайжан: Мәулен екеуміз бір-бірімізді жиырма жылдан бері танимыз. 1999-2000 жылдары президент әкімшілігінде бірге жұмыс істедік. Ол кезде кейбір аналитиктердің мақалалары тым ресейшіл еді. Президент сұхбат берген кезде Мәулен Әшімбаев президенттің көмекшісі болды ғой. Сондықтан сынадым. Жаңа жылдың алдында Мәулен мені шақырып, мән-жайды айтып берді. Оның кінәсі жоқ екен. Сөйтіп, екеуіміз бір-бірімізді түсіндік.
Мақпал Мейірбекқызы: Мәулен Әшімбаевқа ғана емес, алдында әділет министрі Марат Бекетаевқа да қатты ескерту жасадыңыз. Ол кісі де сізге кек сақтамай, кедергі келтірмей, космомониторинг туралы бұйрықты тіркеп берді. Ахметжан Есімов басқарып отырған квазимемлекеттік компанияны сынадыңыз. Ол кісі де үндемей отыр. Мүмкін сіз шенеуніктерді өкпелетіп алмай сынаудың жолын білетін шығарсыз.
Мұхтар Тайжан: Енді Мақпал, мен Марат Бекетаевқа бостан-босқа соқтығысқан жоқпын ғой. Абзал Құспанға сес көрсеткісі келгендіктен үндемей отыра алмадым. Бірақ ол космомониторинг туралы бұйрықты ұзаққа апармай, екі күнде тіркеп бергенде, риза болдым. Кабинетіне барып, қолын алып, алғысымды білдірдім. Халыққа жақсылық жасаса, шенеуніктің ол жақсылығын жасырмай айту керек.
Мақпал Мейірбекқызы: Олар сізге қалай өкпелемеді ?
Мұхтар Тайжан: Олар менің жаман ниетім жоқ екенін түсінетін шығар.
Мақпал Мейірбекқызы: «Билікте реформа жасау үшін және жасамау үшін күресіп жүрген шенеуніктер отыр» деп ертеректе пікір білдіріп едіңіз. Олардың қайсысы көп? Қай тарап жеңіп жатыр?
Мұхтар Тайжан: Ол жақта реформаны қаламайтындар көп болып тұр…
Мақпал Мейірбекқызы: Қайсысы жеңіп жатыр?
Мұхтар Тайжан: Қиын сұрақ. Саған қалай айтсам екен… Саяси өзгерістің тез басталып, жылдам нәтиже бергенін қалайтындардың көзіне реформаторлар жеңіліп жатқандай болып көрінеді. Мысалы, ұлттық сенім кеңесінің жұмысын алайықшы. Қаңтар-ақпан айында біздің жұмысымыз тоқтап қалды деп айтуға болады. Бірақ қазір тағы да басталып кетті. Бірақ тарихи тұрғыда екі ай түкке тұрмайтын уақыт қой. Қаңтарға дейін жасаған жұмысымыз айтарлықтай нәтижелі болды деп айта алам. Былтырғы жылмен салыстырғанда ішкі саясатта үлкен прогресс бар. Тағы да бір-екі қадам алға бассақ, келесі жылы жағдай бұдан да жақсарады. Ұзақ мерзіммен қарастырсақ, әлбетте біз жеңіп жатырмыз.
Мақпал Мейірбекқызы: Қоғамдық кеңестің мүшелері тәуелсіз болса, неге барлығы бірігіп, отырыстың тікелей эфирде өтуін талап етпейді?
Мұхтар Тайжан: Өте дұрыс сұрақ. Бірінші отырысты Азаттық тікелей эфирден көрсетті. Екінші отырыста тікелей эфир болған жоқ. Мен бұл туралы жауапты адамдарға айтқанмын.
Мақпал Мейірбекқызы: Неге нәтиже шықпады?
Мұхтар Тайжан: Енді өкінішке қарай, біздің барлық талабымыз орындалмай жатыр. Егер олар біздің ұсынысымызды түгел жүзеге асырса, еліміз өзгеріп кетер еді ғой.
Мақпал Мейірбекқызы: Сіздердің талаптарыңызды есту үшін сол кеңес құрылған жоқ па?
Мұхтар Тайжан: Есту үшін құрылса да үніміз толық жетпей жатыр. Мысалы, мен «Самұрық Қазына», «Бәйтерек», «Қазагроны» түбегейлі жауып тастауды ұсындым. Бірақ әзірге билік менің ұсынысыма көңіл бөліп жатқан жоқ.
Мақпал Мейірбекқызы: Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шыққанын сіз де, кейбір әріптестеріңіз де Кеңестің жұмысымымен байланыстырғыларыңыз келген сияқты. Рас, жазда болған Жәкішевтің сотына қатыстыңыз. Фейсбукте оны қолдап пост жазғаныңызды ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ Кеңес отырысында Жәкішевтің атын атап тұрып, мәселесін ешқайсысыңыз көтерген жоқсыздар ғой. Олай болса, оның бостандыққа шығуын сенім кеңесімен байланыстыруға болмайтын шығар.
Мұхтар Тайжан: Біз қылмыстық кодекстің 130-шы, 174-ші бабын, сол баппен отырып шыққан адамдары туралы біраз шешімдер қабылдаттық. Жәкішевтің бостандыққа шығуы президенттің саяси реформаларды жалғастыруға ниеті бар екенін білдіреді. Оның шығуы сенім кеңесі дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Солай үміттенемін.
Мақпал Мейірбекқызы: Жәкішев мәселесін кеңесте неге көтермедіңіздер? Сіздер де оның бостандыққа шыққанын қаладыңыздар ғой.
Мұхтар Тайжан: Өйткені біз сот емеспіз, жеке адамға шешім шығара алмаймыз. Нақты адамдар туралы емес, заңның өзін өзгерту керек екенін айттық. Жәкішевті айтсақ, Арон Атабекті, Макс Боқаевты да атауымыз керек. Саяси баптармен отырып шыққан 2 мың адам бар.
Мақпал Мейірбекқызы: Олардың мәселесін сіздер көтерген жүз жетпіс төртінші баппен қарастыруға болады. Ал Жәкішев басқа баппен сотталды.
Мұхтар Жәкішев: Бәрібір, біздің жұмысымыз бір адамды емес, заңды қамту болды. Жәкішевтің ісін көтерсек, бір адамның ғана тағдырын айтқан боламыз. Ал жүз жетпіс төртінші бапты талқыласақ, екі мың адамның жағдайын жеткіземіз.
Мақпал Мейірбекқызы: Сізді 2016 жылдан бері «парламенттің қос палатасының біріне депутат болып барады екен» деген сыбыс айтылып жүр. Мұхтар Шаханов та 2011 жылы «Руханият» арқылы мәжіліске өткеніңізді қалапты. Қашан депутат боласыз?
Мұхтар Тайжан: Білмеймін. Күзде маған «Ауыл» партиясын береді екен деген қауесетті естіген шығарсың. Қашан береді екен деп әлі күтіп жүрмін (күлді).
Мақпал Мейірбекқызы: Парламент сайлауы келе жатыр. Сіз елдегі партиялардың қайсысына өтіп, мәжіліске баруға дайынсыз?
Мұхтар Тайжан: Қазіргі партиялардың ешқайсысына өтуге дайын емеспін.
Мақпал Мейірбекқызы: «Нұр Отан» партиясын неге қарастырып көрмейсіз?
Мұхтар Тайжан: Менің ұстанымыма, көзқарасыма қайшы партия ғой. Қалай өтем?
Мақпал Мейірбекқызы: Сіздің әкеңіз 2003-2005 жылдары сол партияның төрағасының кеңесшісі болып қызмет етті ғой. Неге сіз де “Нұротанға» кіріп көрмейсіз?
Мұхтар Тайжан: Дұрыс айтасың. Бірақ менің әкем билік партиясының саясатымен келіспегендіктен ашық түрде арыз жазып шығып кетті. Партияға саяси көзқарасың сай болғанда ғана кіру керек.
Мақпал Мейірбекқызы: Бірер ай бұрын фейсбук парақшаңызға “Ерлан Қарин, Берік Уәли сияқты ұлтшыл достарымның «Нұр Отанда» болғанынының еш айыбы жоқ” деп жаздыңыз. Неге өзіңіз де «Нұротандағы» ұлтшыл азаматтардың қатарына қосылып, солармен бірге ел үшін еңбек етпейсіз?
Мұхтар Тайжан: Айтқаным рас. Бірақ ол партияға бара алмаймын. Табиғатым, болмысым басқа. «Нұрсұлтан, Нұр Отан, Қазақстан» деп ұрандата алмаймын. Әйтпесе, жиырма жыл бұрын президент әкімшілігінде қызметімді жалғастырып, бүгін басшы болып отыруыма болатын еді ғой.
Мақпал Мейірбекқызы: Сіз өзіңіз де бірнеше ай бұрын заң мүмкіндік беретін болса, достарыммен бірге партия құрамын деп айтып едіңіз. Неге тоқтап қалдыңыз?
Мұхтар Тайжан: Партия құруға мүмкіндік жоқ қой.
Мақпал Мейірбекқызы: Мүмкіндік болмаса, Жанболат Мамайдың партия құрамын деген ниетін неге қолдадыңыз?
Мұхтар Тайжан: Өйткені Жанболат Мамай мен Инга Иманбай қарекет жасап жатыр. Олар әлі жас. Нәтиже шықпаса да тәжірибе үшін талпынып көрсе болады. Уақыттары бар. Ал менің нәтиже шықпайтын жұмыспен айналысатын уақытым жоқ. Биыл жасым қырық жетіге келеді.
Мақпал Мейірбекқызы: Сонда сіз «Демпартияның» тіркеліп, сайлауға қатысатынына сенбейсіз бе?
Мұхтар Тайжан: Кедергі жасалып жатқанын көріп отырмыз ғой. Өкінішке қарай партия тіркеуге Қазақстанда жол жоқ. Бірақ қозғалыс құруға мүмкіндік бар. Мен жақын болашақта осы істі қолға аламын деп отырмын.
Мақпал Мейірбекқызы: Сонда сіздің ойыңызша, парламент сайлауына қандай партиялар қатысады?
Мұхтар Тайжан: Бұрынғы құрам қалатын сияқты. Менің қателесуім де мүмкін.
Мақпал Мейірбекқызы: Қазір Әміржан Қосановпен қарым-қатынасыңыз қандай?
Мұхтар Тайжан: Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін жақын араласпағанбыз. Оның үміткер болатынын білгенде мұның спектакль екенін жазып, халыққа ескерттім.
Мақпал Мейірбекқызы: Осы сайлауда спектакль қойыла ма? Қойылса, басты рольді кім сомдайды?
Мұхтар Тайжан: Әдеттегі сценарий бойынша “әртістер” саяси сахнаға шығуы ықтимал.
Мақпал Мейірбекқызы: Қосановтың маскасын шешкендей, кімді әшкерелей аласыз?
Мұхтар Тайжан: Ондайлар бар. Дегенмен әлі айтқым келмейді. Қозғалыстар да бар. Діни радикалды күштер де оппозицияның маскасын киген адамдарды дайындап жатыр.
Мақпал Мейірбекқызы: Сіздің саясатта қол бермейтін адамдарыңыз бар ма?
Мұхтар Тайжан: Жоқ сияқты. Мәмбеталинмен де амандасып жүрмін.
Мақпал Мейірбекқызы: Айдос Сарым екеуіңіздің араларыңыздан қандай қара мысық өтті? Жер коммиссиясы кезінде оның сізді қолдағанын өз көзіммен көрген едім.
Мұхтар Тайжан: Жер комиссиясында бір ғана адам жер заңын бес жылға тоқтатуға қарсы шықты. Ол Айдос болды. Протоколда көрсетілген. Сол кезде қарым-қатынасымыз нашарлады. Бірақ қазір өкпем жоқ, аман болсын.
Мақпал Мейірбекқызы: Соңғы он бес жылда экономика саласында істеген барлық басшылармен қоштасуымыз керек деп мәлімдедіңіз. Себебі, қазіргі әлеуметтік жағдайдың төмендігіне сол министрлер жауапты екен. Қазақстанның экономикасы көтеріліп, халықтың жағдайы түзелуі үшін кімді экономика министрі етіп тағайындауды ұсынасыз?
Мұхтар Тайжан: Өзімді ұсынар едім (күлді).
Мақпал Мейірбекқызы: Жақсы (күлді). Сіз Президенттің тапсырмасымен құрылатын «Экономикалық реформалау» орталығының басшысы болуға дайынмын деп едіңіз. Неге сізді шақырмады?
Мұхтар Тайжан: Өйткені билік шынайы реформаны жасағысы келмейтін шығар.
Мақпал Мейірбекқызы: Онда сенім кеңесінде неге жүрсіз? Жоғарыда уақытымды жоғалтқым келмейді деп айттыңыз ғой.
Мұхтар Тайжан: Себебі, қарекет жасау керек. Біздің ұсыныстарымыздың жүз пайызы болмаса да, отыз пайызы қабылданса, оның өзі – үлкен олжа.
Мақпал Мейірбекқызы: Сіздің ұлтшылдығыңызды жоғарыдағылар қалай қабылдайды?
Мұхтар Тайжан: Қалай қабылдайсыңдар деп сұрамаппын (күлді).
Мақпал Мейірбекқызы: Қарағанды, Қордайда болған оқиғалар туралы кейбір арналар сізден сұхбат алмайды. Арнайы құрылған комиссияларға сізді қоспайды. Неге олар ұлтқа қатысты мәселелерді шешкенде сізді араластырғысы келмейді?
Мұхтар Тайжан: Алыстататынын сеземін. Бірақ мен оған аса мән бермеймін. Өз ойымды фейсбукте жеткізіп жүрмін. Менің пікіріммен келісетіндер көп. Демек, менің ойым дұрыс.
Мақпал Мейірбекқызы: Мүмкін сіздің ойларыңыз конфликтіні асқындырып жібереді деп қауіптенетін шығар.
Мұхтар Тайжан: Уақыт көрсетеді. Бірақ біздің билік мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуі керек.
Мақпал Мейірбекқызы: Сізге табыс қайдан келеді?
Мұхтар Тайжан: Мен достарым арқылы бизнеспен айналысып жүрмін.
Мақпал Мейірбекқызы: Қандай бизнес?
Мұхтар Тайжан: Менің маңдайым тасқа тиді ғой. Ашық бизнес істеп, бір айдың ішінде бар кәсібімнен айырылып қалдым. Сондықтан енді достарым арқылы бизнеспен айналысып жүрмін.
Мақпал Мейірбекқызы: Сізді «билік сатып алған» деп айыпқа не айта аласыз?
Мұхтар Тайжан: Маған биліктің өзі ақша береді деп елестетіп көрейікші. Ол қайта жақсы емес пе? (күлді). Есімде, кейбіреулер мен жер дауын шешіп бергені үшін билік маған 1 млрд теңге берді деген өсек шықты. Мен «берсе алар едім, жартысын сендерге таратып берер едім» деп айттым. Бірақ бүгінге дейін сол ақшаны қайдан алуға болатынын сол өсекшілер айтпады. (күлді).
Мақпал Мейірбекқызы: Ақшалы болған жақсы. Бірақ биліктен ақша алсаңыз, сіз биліктің адамы болып саналасыз ғой.
Мұхтар Тайжан: Тұра тұр, сен өзің сұхбаттың басында үкіметтен бастап, барлығын ашық сынайсың деп айттың ғой. Дұрыс па?
Мақпал Мейірбекқызы: Иә.
Мұхтар Тайжан: Кеңестің өзге мүшелері айтпаған мәселелерді көтересің деп те айттың ғой. Онда мен қалай биліктің адамы болам? Менің тәуелсіз екенімді істеген ісімнен, айтқан сөзімнен білуге болады ғой. Елде болған бірде-бір оқиғаларда үндемей қалған кезім жоқ. Солай ма? Егер жаппай декларация тапсыратын болсақ, барлық табыс көзімді көрсетуге дайынмын. Мақпал, сен менің 2008 жылы 35 жасымда «долларовый» миллионер болғанымды ұмытпа.
Мақпал Мейірбекқызы: Қазір де миллионерсіз бе?
Мұхтар Тайжан: Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын. Өзімді еркін адаммын деп есептеймін. Ақшам адал жолмен келген.
Мақпал Мейірбекқызы: Бір жарым ай елді аралап келдіңіз. Ертең тағы да ұзақ уақытқа кетемін деп отырсыз. Шығындарыңызды кім көтеріп жүр?
Мұхтар Тайжан: Кейде өз қалтамнан шығарам. Кейде мені шақырған сол ауылдың тұрғындары, кәсіпкерлері жолымды, қонақ үйімді көтереді. Бұл дұрыс деп ойлаймын.
Мұхтар Тайжан: Халықты сендіру үшін кезінде Ринат Зайытов құран ұстаған еді. Сіз он жыл бұрын Гүлжан Ерғалиеваға сұхбат бергенде «билікпен байланысым жоқ, ақша алмағанмын, тәуелсіз азаматпын» деп нан ұстадыңыз. Қазір де «ешкімге тәуелді емеспін» сол әрекетіңізді қайталай аласыз ба?
Мұхтар Тайжан: Әлбетте. Нан ұстай алам. Астанадағы бірде-бір адамға тәуелді емеспін деп ант ете аламын.
Мақпал Мейірбекқызы: Толық тәуелсізсіз бе?
Мұхтар Тайжан: Толық тәуелсізбін. Бірақ кейбір жағдайларда компромисске келетінімді мойындаймын. Өте күрделі мәселелерді арбаны да сындырмай, өгізді ді өлтірмей шешуге тырысамын. Мысалы, космомониторинг туралы заңды осы жылы еліміздің төрт облысында қолданатын боламыз: Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай. АШМ бұл жаңа технологияға халықты үйрету үшін біраз уақыт керек екенін түсіндірді. Мен келісімге келдім. Бірақ келесі жылы бірінші қаңтардан бастап, бұл бұйрық барлық өңірде жүзеге асатын болады. Жер мәселесін шешкенде де бес жылға шегеруді ұсынған адам – менмін. О кезде билікке бетін сақтап қалу керек еді, ал бізге жерді сату процесін тоқтату керек еді, сол үшін бұл мәселені реттеуге бес жыл уақыт беру керек деп ұсындым. Бес жылда билікке жаңа адамдар келетіні белгілі. Солай болды да. Президент те ауысты, парламент те ауысады.
Мақпал Мейірбекқызы: Бес жылдың үш жылы өтіп кетті. Енді екі жылдан кейін нақты шешім қабылдануы керек. Қорықпайсыз ба?
Мұхтар Тайжан: Қорықпаймын. Біз қалағандай шешілетініне күмәнім жоқ.
Мақпал Мейірбекқызы: Сұхбатыңызға рахмет, аға.