Ғабит Кенжебаев, ғалым:
«Ресейліктердің елімізге келіп жатқаны бекерден бекер емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдермен тату болу керек екенімізді жиі айтып жүр. Өте жөнді сөз, ақыл таразасынан өткен пікір. Бергіні былай ысырып қойғанның өзінде, қазақ халқы, ата-бабамыз ерте заманнан қонақжай ел екенін білеміз. Әуелден дарыған жақсы қасиетті аттап өтуге болмайды. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деп айтып жатамыз. Бұл – ағайыннан алыста дегені емес, есесіне көршіңмен де тату бол дегенді меңзейді. Сондықтан көрші халық – ресейліктердің басына қиындық түсіп жатқан уақта шамамыз жеткенше қамқорлық көрсеткеніміз, көңілін тапқанымыз дұрыс. Ел болған соң әркім де түрлі жағдайға кездеседі. Қамқорлықтың қайтарымы болары хақ. Кез келгеннің басына күн туар сәттер болады. Жасырары жоқ, бұл мәселеге қатысты қоғамда сан алуан пікір бар. Дегенмен жоқ жерден жамандық айтып, елді дүрліктіретін арандатушыларға еруге болмайды. Түрлі мәдениетті, жүздеген ұлтты біріктіріп, тұтастықты сақтап отырған мемлекетіміздің іргесі сөгілмегені абзал. Осынша беріктік қазақ халқының қонақжай, кеңшіл болуының арқасында екенін ұмытпайық. Сол үшін баба жолынан жаңылмай, бір мезет қиналған көрші елдің азаматтарына қамқорлық көрсетіп, мүмкіндігінше қолдағанымыз құптарлық қадам болады. Кең болсақ – кем болмаймыз. Кең құшаққа сыйған азаматтар мемлекеттің жақсылығын ұмытпай, жүрген жерінде дәріптеп жүрері даусыз. Осы арқылы еліміз жан баласын түрі мен ұлтына қарамастан қастерлей алатын жұрт ретінде танылады».