Ranking зерттеу-сараптама орталығы жылу есептегіш құралдары жайлы сараптама жариялады. Онда тұтынушыларға жылуға артық төлем жасамаудың жолдары айтылады.
Ағымдағы жылыту маусымында тағы бір өзекті мәселені көтерейік: қажетті жылу үшін қалай артық төлемеуге болады? Маңызды тақырып — есептеу құралдары туралы баяндаймыз.
Жылу энергиясын дәл өлшеу үшін Қазақстандағы тұтынушылар есептеу құралдарын орнатуға міндетті. Алайда, бір рет орнатып қою жеткіліксіз, себебі уақыт өте келе құралдар тозып, сыртқы факторларға байланысты дәлдігін жоғалтуы мүмкін. Құралдарды үнемі тексеріп отыру қандай да бір ақаулықтарды анықтауға және есептеулерде қателіктер жібермеуге көмектеседі.
Жылу энергиясын есептеу құралдары Өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркелуі керек және бастапқы немесе мерзімді тексеруді растайтын құжаттары болуы тиіс. Құралдарға қызмет көрсету, оларды жөндеу және тексеру теңгерімдік тиістілігіне қарай жүргізіледі.
«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңға сай мемлекеттік метрологиялық бақылау саласында пайдаланылатын есептеу құралдары 4-5 жылда бір рет тексеруден өтеді (түріне байланысты). Тексеруді мемлекеттік немесе аккредиттелген метрологиялық қызметтер жүргізеді.
Негізінде, жылу энергиясы қымбат әрі техникалық тұрғыдан есептеу үшін күрделі ресурс болып табылады. Жылуды есептеу құралдарын уақтылы тексеріп отыру азаматтарға мынадай үш негізгі артықшылықты береді:
дәл жасалған есептеулер арқылы жылыту және ыстық сумен жабдықтау шығындарын азайтады;
жылу энергиясын нақты тұтыну туралы деректердің дұрыстығы артық төлем жасауға жол бермейді;
жылу беру жүйесіндегі сұйықтықтың ағып кетуін анықтайды, бұл жылу шығынын азайтуға көмектеседі.
Егер жылу энергиясын есептейтін жеке құралдың тексеру мерзімі өткен болса, жылумен жабдықтау қызметтерінің ақысы бекітілген тұтыну нормалары бойынша төленеді, ал шығын есептеу құралдарының деректері бойынша есептелетін сомадан едәуір көп болады.
Естеріңізге салсақ, табиғи монополиялар саласындағы заңнама жылу энергиясын есептейтін құралдардың бар-жоғына байланысты тарифтерді саралау керек екенін көздейді.
Астана қаласын мысалға алайық. Еліміздің солтүстігінде орналасқан бұл суық қалада есептеу құралдары бар (ҚҚС-сыз 3176,43 теңге/Гкал) және құралдары жоқ (ҚҚС-сыз 3821,11 теңге/Гкал) тұтынушылар үшін тарифтер арасындағы айырмашылық 20,3%-ды құрайды. Мұндай саралау есептеу құралдарын орнатуға және оларды уақтылы тексеруге ынталандырады, сондай-ақ жылу энергиясын үнемдеп тұтынуға септігін тигізеді.
Ағымдағы жылыту кезеңі әлі де жалғасуда, сондықтан түсінікті болу үшін біз толық өткен — 2023/2024 жылдарға арналған деректерді келтіріп отырмыз.
Ай сайынғы егжей-тегжейлі деректерді кестелерден көруге болады. Бұл — Астанадағы ауданы 65 ш. м. болатын стандартты екі бөлмелі пәтердің негізінде жасалған есептеулер. Байқағанымыздай, мұндай пәтердің тұрғындары жылу энергиясын есептеу құралдарынсыз айға байланысты 0,9–5,2 мың теңге артық төлейді және дала неғұрлым суық болса, соғұрлым артық төлемдер де көп болмақ. Жалпы, бір маусымда 23 мың теңгеден астам артық төлем шығады.
Төменде берілген кестеде суыққа байланысты отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсетінін көруге болады. Төлемдер берілетін жылу көлеміне сәйкес белгіленеді, бұл да кестеде берілген.
Тағы да қайталаймыз, МИБ/ПИК/БК-дан жалпы үйдің жылуын есептейтін құралдарды уақтылы орнатуды және тексеруді талап ету маңызды, ал жер үйлерде жеке құралдарды үнемі бақылап отырған абзал!
«Астана Теплотранзит» АҚ деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Астанада көппәтерлі үйлерде орнатылған 1001 жылу энергиясын есептеу құралының 39%-ы (391 құрал) тексеруден өтпеген. Уақтылы тексермеу коммуналдық шығындардың өсуіне, нақты тұтыну туралы деректердің дұрыстығының төмендеуіне және жылу энергиясының жоғалуына алып келеді.
Қазақстан бойынша жылумен жабдықтау саласында есептеу құралдарымен жабдықтаудың орташа деңгейі 74,1%-ды құрайды. Салыстырып қарайық, бұл көрсеткіш Астанада 99,6%-ға, ал Батыс Қазақстан облысында 99,3%-ға тең. Осы аймақтардағы есептеу құралдарымен жабдықтау тұтынушыларға өз шығындарын дәлірек есептеуге мүмкіндік береді және энергияны үнемдеуге көмектеседі.
Дереккөз: ranking