19 C
Нур-Султан
16 C
Алматы
18.3 C
Шымкент
19 C
Нур-Султан
16 C
Алматы
18.3 C
Шымкент

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Алматы әлімжеттікке қарсы!» деген қағидамен жыл сайын рейдтер, шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай маңызды шара еліміздегі отбасылық татулықты сақтау үшін, әлеуметтік осал топтарды зорлықтан қорғау үшін қолға алынатыны түсінікті. Алматы қаласында тоқсан сайын арнайы рейдтің, құқықтық түсіндіру шараларының қолға алынуы тұрмыстық зорлықтан зардап шегу оқиғаларының кемімей отыруына, отбасының тыныштығын кетіретін келеңсіз оқиғалардың азаймауына тікелей байланысты.

Жақында Алматы қаласы Медеу ауданының учаскелік  полицейлерімен бірге рейдке шығудың сәті түсті. Бізге жол бастаған полиция майоры Сырым Атайбековтің айтуынша, отбасындағы ұрыс-керіс, денсаулыққа залал келтіру, қорлап тиісу деректері бойынша хабарласатындар аз емес. Тіпті учаскелік инспекторларға түсетін шағымдардың басым бөлігін осындай құқықбұзушылықтар құрайды.

«Осындай қоңырауларға барған сайын қыз-келіншектердің шыдамдылығына, қайсарлығына, намысшылдығына қайран қаламын. Көп әйелдер полицияны зорлық-зомбылықтан қорыққаннан емес, балаларының тыныштығы үшін, көрші-қолаңнан ұялғандықтан шақырады. Әйеліне былапыт сөз айтып, қол жұмсаған азаматтардың көпшілігі жұмыссыз, араққа салынып кеткені де ойландырмай қоймайды. Ең өкініштісі, біз тәртіп бұзған азаматты қамаққа алғанымызбен, отбасының бүтіндігін ойлаған әйелдер көп уақыт өтпей арызын қайтып алып, күйеуіне кешірім беріп жатады. Сондықтан да, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сотқа дейін жететіндері сирек» , — дейді учаскелік инспектор.

Құқық қорғау саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар сақшының айтуынша, соңғы жылдары баласына қорлық көрсететіндер, сонымен қатар, ата-анасының құқығын таптайтындар да кездесіп қалады.  «Біз ата-анаға қол көтермек түгілі, қарсы сөйлеудің, дауыс көтерудің өзі қате деген қағидамен өмір сүрдік. Содан болар, анасы ақша бермеді деп ұрып кетіп, жинағанын тартып алып кетіп жатқан ұл-қыздарды көргенде қарияларды қатты аяйсың. Бәлкім олар бала тәрбиесінде қателік жіберген болар. Мүмкін баласының ортасы дұрыс болмады ма екен? Қалай айтсақ та, баланың ата-анасына қол көтеруі, қорлауы ешбір ақтауға келмейтін әрекет» деген полиция майорының сөзінде үлкен мән жатыр.

Расында, соңғы жылдары отбасылық құндылықтар әлсіреп, туыстар арасындағы байланыс тым төмендеп кетті. Адамның адамға деген жанашырлығы азайды. Бұрын қатар тұрған үйден көмек сұраған дауысқа мән бермейтін көршілерді айыптайтын едік. Ал қазір жақындарының соққыға жығылғанына, зардап шеккеніне мән бермейтін салқын көзқарас қалыптасып барады.

Аудандық полиция бөлімінің бастамашылығымен өткен шарада учаскелік полицейлер тұрғындарды отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Тұрмыстық зорлықтың құрбаны болғанда немесе зорлық-зомбылыққа куә болғанда қандай әрекеттер жасап, қайда хабарласу керектігін әр тұрғынға тәптіштеп түсіндірген сақшылар жауапты мекемелердің байланыс номерлерін беруді де ұмытпады.

Шыны керек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жойылмай отыруына азаматтардың құқықтық сауатының төмендігі де аз әсер етпейді. Халық өзінің конституциялық құқығынан мүлде бейхабар. Соның кесірінен күйеуінің әлімжеттігін қалыпты жағдай деп түсінетіндер бар. Тіпті, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ұру, соғу деп білетіндерді де шара барысында байқадық. Ал бұл кең түсінік. Қыз-келіншектер жұрт алдында кемсітуге, былапыт сөзбен боқтағанға, қорлағанға, күнделікті қажеттілігіне керек қаржыны бермегенде, үйден шығуына шектеу қойғанға да тұрмыстық зорлық деп қарауы керек. Өйткені, Ата заңымызға сәйкес, еліміздегі тұрғындардың бәрі тең құқылы. Оны ешкімнің кемсітуге, құқығын шектеуге қақысы жоқ. Мұндай әрекеттер үшін ел заңдарында арнайы жауаптылық көзделген. Халықтың көзін ашу үшін заңдағы осындай тетіктерді де түсіндіріп, таныстырудың маңызы зор.

Соған орай, ұдайы ұйымдастырылып келе жатқан шаралар барысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелер бойынша кеңес беру және түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіледі. Бұған қоса, сақшылар күнделікті өмірде құқық бұзушылық жасауға бейім адамдардың, сондай-ақ, тұрмысы нашар отбасылардың тұрғылықты жеріне арнайы барып, құқықтық кеңес берді. Жалпы, отбасының тыныштығын кетіріп, жақындарына жәбір көрсеткен жандарды полиция қызметкерлері бақылауында ұстайды. Өздеріне қатысты қорғау нұсқаулығы шығарылған және іс-әрекетіне ерекше талаптар қойылған адамдардың белгіленген шектеулерді сақтауы маңызды. Ал арнайы рейдтер осындай тәртіп бұзушылардың түзелгеніне көз жеткізіп, отбасындағы ахуалды тексеруге таптырмайтын мүмкіндік.

— Кейбір әйелдер ұрып-соғуға әбден үйреніп кеткен. Тіпті, полиция келіп, көмектеспек болса да қолдаудан саналы түрде бас тартып жатады. Өзіне жаны ашитын, қызығатын туыстарының жоқтығын алға тартқан әйелдер «Мен кімге керекпін? Бұл жерден кетсем, қайда барып күн көремін?» деп шарасыздық танытып жатады. Біз оларға өз құқығын түсіндіріп, психологтың көмегіне жүгінуге, дағдарыс орталықтарының мүмкіндігін пайдалануға кеңес береміз, — дейді Сырым Атайбеков.

Алматы қаласы полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегушілерге үнемі жіті көңіл бөледі. Полицияның арнайы сайтында, әлеуметтік желідегі парақшаларында зәбір көрген жандарға қажетті ақпараттың бәрі қолжетімді. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың қандай байланыс номерлеріне қоңырау шалып, көмек алатыны тәптіштеліп көрсетілген. Сонымен бірге, отбасылық психологтардың кеңесімен де сайттан егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік бар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша жауапқа тартылады. Полицияның ақпараттық парақшаларында заңдағы негізгі баптар толық, жіктеліп көрсетілген.

Сондай-ақ, азаматтар Алматы қаласында орналасқан дағдарыс орталықтары туралы мәліметті де сайттан таба алады. Бұл орталықтар тұрмыстық зорлық көрген әйелдердің жаңа өмір бастауына, психологиялық қолдау алуына, жаңа мамандық игеріп, ертеңіне батыл қадам жасауына ықпал етеді. Сондықтан, айналаңызда көмек күтіп, шарасыз жүрген жандарды байқасаңыз, үндемей қалмаңыз.

А.Әсенғазы

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар