Әлеуметтік желіде депутаттардың ант қабылдау кезіндегі кекештіктері мен қателіктерін қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. 

Кадрларда халық қызметшілерінің кезек-кезек мінбеге көтеріліп, оң қолын Конституцияға қойып, монитордан келесі мәтінді оқып тұрғаны көрсетілген:

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарын мүлтіксіз орындауға, маған жүктелген депутаттық жоғары міндеттерді адал атқаруға ант етемін».

Барлығы бірдей қарапайым мәтінді оқи алмады. Кейбіреулері Конституцияға алақандарын қоюды ұмытып кетті.

Әлеуметтік желілерде азаматтар бұл оқиғаны әртүрлі қабылдады — біреулер жаңадан сайланған депутаттарды сынға алса, енді біреулер қателіктерді қобалжудан деп түйді.

Бүгін Мәжілістегі комитеттердің барлығына дерлік “Аманат” депутаттары жетекшілік еткені белгілі болды.