22 C
Нур-Султан
29 C
Алматы
24.3 C
Шымкент
22 C
Нур-Султан
29 C
Алматы
24.3 C
Шымкент

Бүгінгі жағдай бандиттердің дәуірі жүрген 90-жылдарға қайта айналып келгендей әсер қалдырады. 

ТІЛШІ: Журналистерге қарсы шабуылдардың авторы кім деп ойлайсыз?

ЕРМҰРАТ БАПИ: Осы шабуылдарға қатысты менің үш түрлі жорамалым бар.

Біріншіден, бұған жоғарғы биліктің тікелей қатысы жоқ деп ойлаймын. Бұл сол билікке кенедей жабысқан жандайшаптардың әрекеті болуы ықтимал. Олай болса, сайлау алдында тәуелсіз журналистерді, тәуелсіз басылымдарды, биліктен тыс блогерлерді ауыздықтаудың амалы да болуын жоққа шығармаймын.

Media interview with businessman, politician or spokesperson. Press conference.

Екіншіден, бұған арнайы қызметтің қатысы болуы әбден мүмкін. Бірақ мұны Ақорданың «журналистерді тұншықтырыңдар» деген тікелей тапсырмасы деп ойламаймын. Өйткені, бұл Жаңа Қазақстаннның идеологиясына кереғар әрекет болып шығады.

Үшіншіден, шабуылдардың артында тұрған ескі Қазақстаннан қалған реваншистік күштер болуы ықтимал.

Қалай десек те, бірте-бірте өзгеріп, ақырындап жылымық кіріп жатыр, елде президент Тоқаевтың имиджі халықтың көпшілігіне ұнайтыны анық. Осы Жаңа Қазақстанның беделіне нұқсан келтіру үшін реваншистік топтардың арасында Тоқаевтың Назарбаевтан артық емес екенін, бұрынғы режимнің өкілі екенін дәлелдеу үшін әдейі жасап жатуы ықтимал.

Егер журналистерді қорқытып-үркіту, жекелеген сайттарды ауыздықтау амалы биліктің тапсырмасымен жасалып жатса, онда біз президент көтеріп отырған Жаңа Қазақстан идеясынан түңілуіміз керек болады. Онда биліктің сөзі бір жақта іс-әрекеті бір жақта болып шықпақ.

ТІЛШІ:«Мұны Тоқаевқа қарсы арандатушылық» деген пікірді құптайсыз ба?

ЕРМҰРАТ БАПИ:Меніңше, Тоқаевтың ел арасында белең алып келе жатқан беделіне қарсы әрекет болуы мүмкін. Меніңше, мұның авторы ескі Қазақстанның өкілдері болуы тиіс.

Ал мемлекет тарапынан тәуелсіз журналистиканы бұғаулау әрекеті болса, онда назарбаевтық режимге қайтып келгеніміз.

Менің түсінігімде Жаңа Қазақстан тәуелсіз медиаға иек артуы керек. Елде отыз жыл бойы қалыптасқан әділетсіздікті, коррупцияны, заңбұзушылықты тізеге салып тұрып жасайтын билік тармақтарын, қылмыстық топтарды әшкерелеу – тек қана құқық қорғау органдарының ғана емес, баспасөздің де қызметі. Сондықтан сөз бостандығы ауадай керек.

Баспасөздің құқық қорғау органдарын да, басқа да мекемелерді бақылау мүмкіндігіне шек қоюға болмайды. Билік бір жағынан коррупциямен күресіп, екінші жағынан баспасөзді тұншықтырып жататын болса, бұдан ешқандай нәтиже шықпайды.

ТІЛШІ:Бір сөзіңізде арнайы қызмет туралы айтып қалдыңыз. Бір кездері, 2000-жылдары бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсету, иттің басын іліп кету секілді түрлі арандатушылық жасалды. Қазіргі шабуылдар мен сол кездегі қысастықтың қолтаңбасы бір ме?

ЕРМҰРАТ БАПИ:Бұл жақсы нәрсе емес. Бүгінгі жағдай 2000-жылдардың басына, тіпті, бандиттердің дәуірі жүрген 90-жылдарға қайта айналып келгендей әсер қалдырады.

Вадим Борейконың есігіне анайы сурет салып кету – ұлттық қауіпсіздік органының мәртебесін көтеретін әрекет емес. Әрі-беріден кейін, баланың ойыны. Бұзақының, басбұзардың әрекеті. Динара Егеубаеваның көлігін өрттеп кету – қорқытып-үркітудің тағы бір амалы.

Қазақстан назарбаевшылдықтан толық арылған жоқ. Жасыратыны жоқ, режимнен қалған саяси технологиялық әрекеттер, арандатушылық әлі де өміршеңдігін сақтап отыр.

Отыз жыл бойы қалыптасқан басбұзарлық бір күнде тыйыла қалмайды. Бұл – бұрынғының сарқыншағы. Бұл әрекеттің артында қалыптасқан технологияның, белгілі бір органдардың тұруы ғажап емес.

Жаңа Қазақстанға бет бұрдық дегенде, бұл әрекеттер ашумен бірге күлкі де тудырады. Билік үлкен мінберден ұлы ұрандар айтып, халықты алдартқатса, төменгі жақта бұзақының әрекетін жасайды. Бұл бір-біріне қайшы болатын нәрсе. Халықтың сеніміне де, ерік-жігеріне де әсер етеді.

ТІЛШІ:Ресейде қазір тек қана үгіт-насихат қалды. Сөз бостандығы мүлде жоқ елге айналды. Соғысты соғыс деп атағаны үшін түрмеге тоғытылады. Бәлкім, бізде де осы сүрлеумен жүргісі келетіндер бар шығар. Бұл пікірге қалай қарайсыз?

ЕРМҰРАТ БАПИ:Жекелеген тұлғалар болмаса, мемлекеттік тұрғыдан мұндай саясат бар деп айта алмаймын. Бірақ Жаңа Қазақстанды ескі тәсілмен басқарғысы келетін Назарбаевтан қалған ескі кадрлар әлі де отыр. Олар бұрынғы айла-шарғыларды қолданып, әрекет жасауын жоққа шығаруға болмас.

Бұған қарсы елдің жоғары билігі реакция көрсетуі тиіс. Бұзақылық істердің бәріне президенттің тапсырмасымен тиісті мекеме баға беріп, оның қорытындысын жария етуі тиіс. Қамауға алынғандардың кімдер екені, олардың кімдердің тапсырмасын орындағаны ашық айтылуы керек. Сонда ғана билік өзінің демократиялық ұстанымын қорғап қала алады.

НЕГЕ КЗ.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар