Алматы – миллиондаған тұрғын мен қонақтарды біріктірген алып қала. Ал мұндай үлкен шаһардағы тыныштық пен татулық, даму мен ілгерілеу адамдар арасындағы сыйластыққа, мейірімділік пен жанашырлыққа тікелей байланысты.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жалғызға қолдау, шарасызға демеу болу қалыпты жағдайға айналған қоғамның болашағына алаңдаудың қажеті жоқ. Алматының көркем қала ғана емес, достықтың, ізгіліктің мекеніне айналуына волонтерлардың көмегі көп. Осы ретте еліміздегі еріктілер ең көп шоғырланған қала Алматы екенінмақтанышпен атап өткен орынды. Ал осы қайырымдылық жасауға ниетті, жүрегі кең жандарды бір орталыққа топтастыруда Алматы қалалық әкімдігі үлкен еңбек сіңірді.

Оңтүстік астанамызда волонтерлардың белсенділігі ерекше жоғары. Мұндай оң өзгеріс жыл өткен сайын нығая түсуде. Соның ішінде волонтерлар сапына қосылғысы келетін жастардың көбеюі ертеңгі күнге деген сенімді күшейтеді. Еріктілер ісінің нығаюына Алматы қаласының әкімдігі де үнемі қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, әкімдік пандемия кезінде қаладағы еріктілерді бір мақсатқа жұмылдырып, ізгі істердің жаршысы ете білді. Әкімдіктің көмегімен сатып алынған бетперде, азық-түлік себеттерін қарияларға, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үлестірген еріктілердің азаматтардан алғыс естігендегі қуанған сәттерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әкімдіктің қайырымды істеріне атсалыса отырып волонтер жастардың жүрегінде мейірім оянды, олар өзінің айналасына көмектесе алатынын, қоғамды жақсы жаққа өзгерте алатынын түсінді. Әкімдіктің волонтерлар қызметін қолдаудағы негізгі мақсаты да осы. Біреудің қасіретіне көз жұмып қарамайтын, көмек күткен жандардың жанынан бейжай өтпейтін кең жүректі жастарды көбейту еліміздің де татулығы мен тыныштығын сақтауда маңызды роль атқарады.

Алматылық волонтерлар өз бастамаларымен жануарларды қорғау, қауіпсіз жерге орналастыру ісінен де шет қалған емес. Әсіресе, биылғыдай аяз қатты болған кезде иесіз жануарлардың далада қалғаны рас. Ал жануарларды қорғау азаматтардың табиғатқа деген оң көзқарасын қалыптастырып қоймай, ит-құстар арқылы індеттің таралмауына да септігін тигізеді. Осы ретте еріктілердің орасан зор еңбек еткенін атап өткен жөн.

Алматы қаласы әкімінің қолдауымен жыл сайын волонтерларды ТЖ Департаментінде азаматтық қорғау саласында даярлаудан өткізу де үзбей жүргізіліп келеді. Бұл курстың мақсаты тыңдаушыларға табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, төтенше жағдай кезінде халыққа алғашқы көмек көрсету бойынша кәсіби дағдыларды үйретуге бағытталған. Міне, соның арқасында волонтерлік ұйымдар төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға, Азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық, рейдтік іс-шараларға белсенді қатысуда.

Алматы қаласындағы еріктілер мектепке дайындық кезінде де әкімдіктің ұйытқы болуымен«Мектепке жол» акциясын тұрақты ұйымдастырып келеді. Олардың атсалысуымен бір жыл ішінде бір жарым мың отбасының балаларына материалдық көмек көрсетілді. Балаларға қуаныш сыйлаған жақсы істі еріктілер биыл да жалғастыруға ниетті.

Қала әкімдігі де волонтерлар ісіне үнемі көңіл бөліп, жыл сайын олармен басқосу ұйымдастырып, жұмысты қорытындылап отыруды әдемі дәстүрге айналдырған. Осындай қорытынды жиындарда ең көп шараға қатысқан еріктілерді алғыс хатпен марапаттап, жақсы, үлгілі істерін жария ету өзге волонтерларға да өнеге болары анық. Әсіресе қалада волонтерлар үйінің ашылып, тұрақты жұмыс істеуі ерікті болуға ниетті жастарды бір ортаға жинап, өзара ақылдасып, ынтымақтаса әрекет етуге ықпалын тигізіп келеді. «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ Алматы филиалының төрайымы Бағдат Анарбаеваның айтуынша, Алматыдағы еріктілер бір жыл ішінде 78 іс-шарадан тұратын шаралар жоспарын бекіткен. Оның ішінде 700 мыңнан астам адамды қамтыған 12 серпінді жоба бар. Барлық жобалар мен іс-шаралар Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерге сәйкес әзірленген. Осы сауапты істер барысында жастарды жинап корпоративтік волонтерлік, әлеуметтік волонтерлік бойынша бағыт беріледі.

Қарап тұрсақ, жанашыр тұрғындар қаланыңтыныс-тіршілігінің барлық дерлік салаларында өте белсенді және бүгінгі күнге дейін қала қауымдастығының ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Оған еріктілердің ұйымдастыруымен қолға алынған көптеген игілікті шараларды мысал етуге болады. Мысалы мейірімділіктің қалалық шеруін, экологиялық жүгіруді ұйымдастыру, қаланы жасылдандыруға қатысу, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету және оқушыларға арналған заңнамалық сауаттылық бойынша сабақтар өткізудің басы-қасында еріктілер жүреді.Сонымен бірге Алматыдағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарт адамдарға және ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға көмек көрсетуде де еріктілер көш басында жүр. Волонтерлар донорлықты қолдаудан да, қаланы қоқыстан тазарту, хайуанаттарды қорғау мен құтқару секілді мемлекет үшін аса өзекті мәселелерді жолға қою ісінен де шет қалған емес.Мұндай шараларда Алматы қаласының әкімдігі волонтерларды үнемі қолдап, олардың игі істерінің кедергісіз жүзеге асуына жәрдем беріп отырады.

Соның арқасында бүгінде волонтерлық іспен айналысып, топ болып жақсы іске бастамашы болу салиқалы әлеуметтік-жауапты іске айналуда. Бұл өз кезегінде волонтер топтарын дайындау, бірыңғай ақпараттық база құру секілді іс-шараларды тұрақты қолға алып, насихат жұмыстарын үзбей жүргізу керектігін алға шығарып отыр. Еріктілердің күш-жігері мен ресурстарын біріктіру аса пайдалы. Бұған қоғамның санаулы уақыттың ішінде-ақ көзі жетті. Осыған орай Алматыда волонтерлық ұйымдардың басын біріктіріп, еріктілерге жол көрсетіп, кеңес беру масатында арнайы ашылған Волонтерлар үйінің пайдасы орасан. Волонтерлар үйі – шын мәнінде еріктілерді бір мақсатқа ұйыстыратын тиімді алаңға айналып отыр.

Алматы қаласында волонтерлықпен тұрақты айналысып келе жатқан Айзада Тұманшинаның айтуынша, айналаңа керек екеніңді, көмектесе алатыныңды сезінуден артық қуаныш жоқ. Айзада мектеп жасынан Біріккен Ұлттар ұйымының бір бөлшегіне айналып, волонтерлықпен айналуға қызыққан. Алайда, білім ордасында мұндай қызметті атқаруға мүмкіндік болмапты. Кейіннен университет қабырғасында жүріп сабақта БҰҰ-дағы әйелдерді қолдау орталықтары туралы мәлімет жинайды. Тақырыпты зерттеген қыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, әлеуметтен көмек күткен әйелдердің аз еместігін, олар еріктілердің арқасында көптеген мәселелерін шешуге қол жеткізетінін біледі. Еріктілер туралы мол мағлұмат ұсынған Айзадаға мұғалімінің «Сеннен мықты волонтер шығады!» деген сөзі айтарлықтай әсер еткен еді. Осылайша ол  БҰҰ-ның “Be Kind” волонтерлық бағдарламасына өтініш беріп, бұл қызметпен мақсатты түрде айналысқан болатын. Айзада да пандемия кезінде өзге волонтерлар секілді індеттен зардап шеккендерге көмектесіп, қаржы жинаумен, дәрі-дәрмек жеткізіп, ауруханадағы дәрігерлерге көмектесумен айналысты. Бұдан бөлек өз достарымен бірге Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіне тұрақты барып, ондағы тәрбиеленушілермен кездесіп, қолдау көрсетуді әдемі дәстүрге айналдырды. Айзада достарымен бірге ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға да көмек қолын созып жүр. Мұндай жастардың ісін бүгінде Алматыдағы әрбір мектеп, колледж, жоғары оқу орындары жалғастырып жатқаны қуантады.

Айталық қазір Алматыдағы әр білім ошағында волонтерлар командасы бар. Оған сабағын жақсы оқитын, үлгілі істерімен сыныптастарының алдында жүрген, айналасына көмек беруге бейім оқушылар таңдалып алынады. №172 мектеп-гимназияда да оқушылардан құралған волонтерлық ұйым  бар. Жоғары сынып оқушыларынан құралған бұл топ ұйымшылдықпен талай сауапты іске мұрындық болып жүр. Осы топта белсенді жұмыс атқарып жүрген Алмаз Бағланұлы волонтерлық қызмет өзіне деген сенімін нығайтқанын айтады.

— Достарым волонтер болуға шақырғанда бұл жұмыстың не мақсатты көздейтінін жете түсінбедім. Бірақ, алғашқы шаралардан кейін көпшілікпен бірігіп жұмыс істеуге, командалық жұмысты ұйымдастыруға, өз ұстанымымды жеткізуге үйрендім. Бастапқыда ауданымыздағы жалғызілік қарттардың үйіне барып, ауласын тазалап, керек-жарақтарын алып бердік. Сондағы ата-апалардың риза болып, бата бергені ісіміздің оң екенін көрсетті. Әрі алғыс алған сайын мұндай сауапты істерді жалғастыра беруге ынталандық. Осылайша біраз уақыттан кейін көп балалы аналарға көмектесуді, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созуды жолға қойдық. Алматы сияқты үлкен қалада қанша қажет етіп тұрса да кейбір азаматтардың бөтен адамнан көмек сұрауға қорқатыны белгілі. Ал волонтерлар осындай қорқынышты жойды. Биыл міне мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына жол тарттым. Волонтерлық қызметімді бұл жақта да жалғастыру ойымда бар, — дейді Алмаз Бағланұлы.

Алматыдағы еріктілер үнемі бір-бірімен хабарласып, жақсы істердің жаршысы болып жүреді. Мұнда волонтерлықтың жолға қойылғаны сондай, жастар әр бағыт бойынша көмек берудің арнайы жоспарын жасаған. Мәселен, еріктілердің бір тобы тек қарт адамдарға қол ұшын созуды мақсат етсе, енді бір тобы ауыр науқасқа шалдыққан, емделу үшін ақша таппай жүрген жандарға демеу болуды, қайырымды жандардың көмегімен ем алуына жәрдемдеуді көздейді. Сонымен бірге, донарлықты тұрақты ұйымдастырып келе жатқан, мектептегі балаларды буллингтен қорғау үшін құқықтық кеңес беруді жолға қойған еріктілер тобы да бар. Жалпы, волонтерлықтың түрі көп. Ісі нәтижелі болуы үшін жастар оның қай түрі жүрегіне жақын екенін дәл тапқаны жөн.

Мәселен, жақында «Наркостоп» жобасының еріктілері әкімдікпен келісе отырып Алматыдағы1500-ден астам граффитиді бояуға көмектесті. Бұл волонтерлар жастарды есірткіден сақтауға, нашақорлықтың алдын алуға, есірткі саудасына тегеурінді тосқауыл қоюға күш салып жүр. Бұдан бөлек, еріктілер дәріханадағы нашақорлық мәселесін бірнеше рет көтеріп, бірқатар министрліктерге тиісті хаттар жолдаған. Соның нәтижесінде Үкімет биыл «Трамадол» препаратын есірткі заттарының тізіміне енгізді. Бұл да болса Алматыдағы белсенді волонтерлар жұмысының жемісі.