Бүгін Алматыда екі апта бұрын ғана жиырма бес тәулік қамауда болған журналист Думан Мұхамедкәрімді ұстады. Бұл туралы полиция бөлімшесіне бара жатқан оның адвокаты хабарлады.

«Учаскелік инспектор хабарласып «Думанды 488-баптың 12-бөлігі бойынша («бейбіт жиын тәртібін бұзу») ұстадық, аудандық басқармаға апара жатырмыз. Кешегі видеосында «митингіге шақыру жоқ қой» деп едім «келе беріңіз. құжат дайындадық. бұйрықты күтіп отырмыз» деді. Қазір сол жаққа бара жатырмын» деді адвокат Азаттық тілшісіне.

Полиция ешқандай жауап қатпай отыр.

Журналист Думан Мұхамедкәрім 30 сәуір күнгі “Не дейді?” YouTube-арнасында жарияланған видеоға байланысты ұсталған болуы мүмкін. “1 мамыр қазақты мазақ қылу мерекесі. Үйден шықпаңыздар, диваннан тұрмаңыздар, ал мен шығамын” атты видеода журналист Қазақстанда атап өтілетін “Қазақстан халқы бірлігі күні” мерекесін сынап, Қазақстан халқы ассамблеясы қазақ халқының мүддесіне қайшы әрекет етіп отыр деп санайтынын жеткізеді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов аталған видеода “митингіге шақыру” жоғын айтады.

Бұған дейін «бейбіт жиын тәртібін бұзу» бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылған белсенді жексенбі күнгі видеосында «енді әкімшілік емес, қылмыстық жауапқа тартамыз» деп өзіне қоқан-лоқы жасалғанын айтқан.

«Не дейді?» (ND) арнасының авторы Думан Мұхамедкәрім шамамен екі апта бұрын 25 күндік әкімшілік қамаудан босап шыққан. Мәжіліске кандидат болған Думан Мұхаммедкәрім сайлау нәтижесіне келіспейтінін айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырған еді. Ізінше «бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін» 25 күнге қамалды.

1 мамырда елде «оппозиция митингісі өтеді» деген күні Алматы мен Астанада қауіпсіздік күшейіп, полиция митинг орны аумағынан бірнеше адамды ұстап әкеткен. Астанада – кемінде екі белсенді ұсталған, Алматыда Орталық саябақта арнайы жасақ «Қытайға жол жоқ» деген жазуы бар плакат ұстаған бірнеше адамды күштеп ұстап әкеткен.

Бұған дейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы жалақы мен зейнетақыны өсіру, ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығу, Жаңаөзенді қолдау, тұтыну несиесін кешіру сияқты талаптармен жақтастарын 1 мамырда бейбіт митингіге шақырған.

Құқық қорғаушылар билікті «бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікті сынағанларды қудалады» деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.