4 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
15.3 C
Шымкент
4 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
15.3 C
Шымкент

Журналист Махамбет Әбжан тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды

Астана соты журналист Махамбет Әбжанды тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. 3 ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында журналиске үкім оқылды.

Әбжанға «көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-баптың 3-бөлігі) және «бопсалау» (194-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы) баптары бойынша айып тағылған.

39 жастағы журналист әрі блогер Махамбет Әбжанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр 3 шілдеде тұтқындаған. Агенттік «ол бір кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады» деп хабарлаған. Әбжан адвокаты арқылы тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Жұма күні сот үкімі оқылғаннан кейін залдағылар «үкімнің әділетсіздігіне» шағымданып, «Масқара!» («Позор!») деп айқайлады.

Әбжан былтыр қамауға алынардан екі күн бұрын Telegram-арнасында өзін қаралайтын жалған ақпарат таралып жатқанын жазған еді.

Ол кейінгі жазбаларының бірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиен інісі Қаныш Ізбастиннің «ықтимал активтері» туралы жазба жариялаған. Әңгіме криптовалюта өндіретін ферма жөнінде болып отыр.

Сот процесі жабық өтті. Алдын ала тыңдау кезінде қорғауға қарсы тарап сотты жабық өткізуді сұрап, судья өтінішті қанағаттандырған.

Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігі журналист Махамбет Әбжанның «ақша бопсалауы» туралы аудио жариялады. Орган «жәбірленуші мен Әбжанның әңгімесі» деп тақырып қойып таратқан бес жарым минуттық роликтің соңында журналист пен әлдебір адамның видеосы да бар. Сөйлесіп отырған екі адамның бірінің даусы журналист Махамбет Әбжанның даусына ұқсайды. Екі адам бір жазбаны өшіріп тастауды талқылап отыр және сөз арасында «алдын ала 30», «20-сы соңынан», «50 лям» деген дауыстар естіледі. Ақша ұсынушы адам «Рашит» деген есімді де атайды. Журналистің үстінен арыз жазған адам – кәсіпкер Рашит Махат. Ол «Әбжан 50 миллион теңге сұрап, бопса көрсетті» деп шағымданған. Журналист Махамбет Әбжан телеграм-арнасында Рашит Махат пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының, сондай-ақ қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Қаныш Ізбастиннің криптовалюта өндіретін фермалар арқылы өзара байланысы бары туралы жазған. Бұған дейін Orda.kz сайтына сұхбат берген Рашит Махат Сатыбалдыны танитынын, бірақ Ізбастинді білмейтінін айтқан. Ал журналисті тергеген жабық сот отырысына куәгер ретінде қатысқан Қайрат Сатыбалды Махатпен ежелден таныс-біліс адам екенін айтқан.

  • Бұған дейінгі сот процестерінде Әбжан сот істі объектив қарамай жатқанын алға тартып, судья Құлбаеваны ауыстыру туралы өтініш жасаған. Бұған істе жәбірленуші ретінде танылған тұлғадан жауап алу және ақшаның келу жолын тұтас зерттеу туралы өтініштің орындалмағаны себеп болған. Алайда судьяны ауыстыру туралы өтініші орындалмады.
  • Бұған қоса, алдын ала тыңдау кезінде айыпталушы мен адвокаты қысымға шағымданған. Ол кезде қарауыл бастығы айыпталушыға «рұқсат етілмеген әдістерді» қолданғаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері айыпталушының жұбайы мен туыстарына қоқан-лоқы көрсеткені жайлы шағым айтылған. Ізінше сот қаулы шығарып, прокуратураға оқиғаны тексеруді тапсырған.
  • 2017 жылы Махамбет Әбжан «алаяқтық» бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылы шартты жаза алып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
  • «Журналистерді қорғау комитеті» былтыр үкіметті сынап жүрген журналистің ұсталуына алаңдаушылық білдірді.
  • «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының «Сөз бостандығы индексінде» Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар