ЕЛ ЖАҒЫМПАЗ ДЕП СЫНАҒАН НҰРЛАН СМАҒҰЛОВҚА МҰХТАР ЖӘКІШОВ АРАША ТҮСТІ

Мұхтар Жәкішов бизнесмен досы Нұрлан Смағұловты «Астана моторс» компаниясының отыз жылдыз мерей тойымен құттықтады. Қалың оқырман бинесменді ескі билікке жағымпазданып, байыған деп айыптап, Жәкішовтің құттықтау лебізіне лайық емес деген пікірлер жазды. Бүгін Мұхтар Жәкішов Смағұловты сынайтын қоғамға арнап досың қолдайтын пост жазды.
«Достар, сіздердің пікірлеріңізді оқып шығып, жалпы жауап жазуды жөн көрдім.
Біріншіден, әдетте адамдар өтірік-шыны белгісіз ақпаратқа, қауесетке және қалыптасқан стереотиптерге сай пікір қалыптастырады. Біреудің пікіріне көзсіз сенбей, өз пікірі бар адамдар қатарынан болуға шақырамын…
Ең алдымен фильмді көріп шығуларыңызды сұраймын.
Екіншіден, утилизациялық алымды енгізген — үкімет. Нұрлан Смағұловты қолдау үшін енгізбегені айдан анық. Егер сіз утильалымға қарсы белсенділердің кейінгі жиындарда айтқандарын мұқият тыңдасаңыз, олар «Астана Моторсты» сынға алып жатқан жоқ. Себебі «Астана Моторс» бір жарым жылда өз зауытын салып (өз қаражаты мен жылдық 15 пайыздық коммерциялық несиеге), шағын тораптық өндірісті іске қосып, өз көліктерін құрастыра бастады. Ал мемлекеттік субсидиялар мен мөлшерлемесі аз несие туралы мәлімдемелер – жалған, фейк. (Көз жеткізу үшін құжаттарын да қарап шыққанмын).
Үшіншіден, оны «Назарбаевтың бизнесмені» деп айту мүлде дұрыс емес. Ол өз бизнесін Назарбаевтың немесе мемлекеттің қаржысына құрған жоқ. Назарбаевтан алған жалғыз жеңілдігі – оны түрмеге отырғызбағаны. Десе де, ол екі рет түрмеге жабыла жаздады. Өзін қорғап қалу үшін, талап бойынша Әблязов пен мені қаралап, «күйе жағуы» керек еді, оған тіпті айтатын сөзін де дайындап берген еді. Бірақ ол арын сатып, ондай іске барғаннан гөрі, «Нұрплазамен» құтыла салуды жөн көрді.
Төртіншіден, көлік тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде болып жатқан жағдай. Еуропадан келген кейбір таныстарым алты айдан бері көлік алуға кезекте тұрғандарын айтып шағымданды. Оның себебі – чиптердің тапшылығы, пандемия кезінде олардың басым бөлігі медициналық құрал-жабдықтың өндірісіне кетті, ал автомобиль өнеркәсібіне қажет бөлшек әлі де тапшы.
Бесіншіден, атақ-абыройымды жоғалтпау үшін Нұрланмен достығымды жасыруға кеңес беретіндерге менің жауабым – досыңды сатып сақтаған мұндай беделдің құны бір тиынға да татымайды!
Мен өзіме пайдалы немесе дос болу ыңғайлы адамдармен емес, өзім достыққа лайық деп санайтын адамдармен ғана доспын. Және достығым тәулігіне 24 сағат, еш жағдайға қарамастан, тіпті мені түрмемен қорқытса да адал болып қала бермек. Мен Нұрлан Смағұловпен дос болғанымды мақтан тұтамын және осындай досымның барына қуанамын. Ол туралы пікіріміздің әртүрлі болуы – Нұрлан туралы көп ақпараттың бұрмалануы мен жеткіліксіз болуынан. Сіздердің ешбіріңіз оны менен артық танымайсыздар. Ал мен дос атануға лайық емес адамдармен дос болмаймын».