Алматы қалалық соты – отандық соттағы жаңа жобалардың күретамыры. Сондықтан да ол жаққа тек мықты судьялар таңдалады. Жүктемесінің көптігімен қоса, саладағы жаңа бастамалардың қозғаушы күші ретінде қызмет ететін бұл соттар республикадағы судьяларға бағдар қызметін атқарады. Бүгінде көпшілік тарапынан кең қолдау тапқан мамандандырылған соттар, алқабилердің қатысуымен қаралған алғашқы істер, жаңа технология жетістіктері, судьялар көмекшілері де ең алғаш пилоттық жоба ретінде Алматы қалалық соттарында сыннан өткен болатын. Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған Отбасылық сот пилоттық жобасының да қанатын кеңге жайып, қызметін бір жүйеге келтіруге Алматы қаласының соттары үлкен үлес қосты.

Отбасылық сот пилоттық жобасы қолға алынған  Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотында бастаманы өміршең етуді көздеген іс-шаралар жан-жақты қамтылды. Осы соттың судьясы Төленді Борановтың айтуынша, жобаға сай неке бұзу туралы азаматтық істер бойынша судьяларға қойылған талап жоғары. Өндірісіне ажырасуға қатысты арызды қабылдаған судья ең алдымен ерлі-зайыптылардың уәжін тыңдап, татуластыруға әрекет жасауға мүдделі. Осыдан кейін екі тараптың ойланып, татуласуы үшін арнайы мерзім береді. Осы аралықта психологтарды шақырып, медиаторларды іске араластырып, некені сақтап қалудың барлық мүмкіндігі қарастырылады.

Осы пилоттық жобаны жүзеге асыруға атсалысқан Алматы қалалық сотының судьялары жасалған жұмыстың оң нәтиже бергенін де жасырмайды. Осы жоба бойынша татуластыруға тартылған психолог, әлеуметтанушы, медиаторлар отбасын сақтауға көмек көрсету арқылы талай баланың толық отбасында тәрбиеленуіне мұрындық болған. Ал қылмыс жасаған жасөспірімдердің 90 пайызы толық емес отбасында тәрбиеленгенін ескерсек, жобаның қаншалықты маңызды екенін ұғына түсеміз.

Алматы қалалық соты жаңа жобаны өміршең етуде көптеген ауқымды шараларға мұрындық болды. Ең алдымен осы ортада еңбек етіп жүрген судьялардың барлығы Отбасылық соттың мәнін, жұмыс істеу тетіктерін насихаттауға белсенді түрде кірісті. Бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді тұрақты алаң еткен судьялар пилоттық жоба аясында атқарылған жұмыс нәтижесін ортаға салып, тәжірибеде орын алған істермен тұрақты түрде бөлісіп отырды.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаеваның айтуынша, алғашында Отбасылық соттың не себепті құрылғаны көпшілікті қызықтыра қоймаған. Алайда, судьялардың түсіндіруінен кейін ажырасуға бекінгендердің өзі райынан қайтып, мамандардың көмегімен татуласуға әрекет жасаған.

— Отбасылық сот пилоттық жобасының ауқымы кең, қамтыған мәселелері қомақты. Бұл жоба тек ажырасудың алдын алуды көздеп қоймайды. Осы бастама арқылы Жоғарғы Сот қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп,  ажырасу мен некесіз туылатын балалар санын кемітуге басымдық беріп отыр. Алматы қалалық соты жобаның жүзеге асырылуына медиаторларды, уәкілетті мемлекеттік органдар мен прокуратура қызметкерлерін, адвокаттар және түрлі қоғамдық ұйымдарды ұйыстыра білді, — дейді Динара Құйқабаева.

Отбасылық соттан бөлек, бұрынғы Кеңес Одағына кіретін мемлекеттер ішінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттар тек Қазақстанда ғана жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Ювеналды соттар да алғаш рет осы Алматы қалалық сотында жұмысын бастаған болатын. Ал отбасы, баланың құқығы мен бостандығына қатысты істер алдағы уақытта ювеналды соттар орнына құрылған Отбасылық соттарда шешімін таппақ. Қазіргі кезде жаңа соттың жұмысын қалыптастыру, дамыту бойынша мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Алматы қалалық сотының судьялары бұл мәртебелі міндетті де мінсіз атқарарына сенім зор.