Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға өткен аптада 0,1%-ға, ал жылдық мәнде 10%-ға өсті.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді. Баға өзгерісі туралы көрсеткіштер апта сайын жаңарып отырады. Бағаның өзгеруі туралы ақпарат барлық облыс орталығынан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан жиналады. Ол үшін елдімекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан тауарлардың кең ассортименті бар әртүрлі типтегі сауда объектілері (гипермаркеттер, супермаркеттер, дүкендер, коммуналдық базарлар, әлеуметтік дүкендер мен павильондар) таңдалады», — делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Айта кетейік, 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев елімізде инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жеткенін айтып, үкімет мүшелерінің бағаны ұстап тұруға бағытталған қадамдарынан еш нәтиже жоғын мәлімдеді.

Сондай-ақ, күні кеше Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.