Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сардарлар мен сарбаздарды алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Сонымен қатар патриотизм мен жауынгерлік рухтың символына айналған мереке күндері елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, Отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым ету, олардың жанқиярлығы мен өшпес ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Қазақ – болмысынан жаужүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. «Ер – елдің айнасы» дейді. Шын мәнінде, халқымыздың ерлік дәстүрі атадан балаға жалғасып келеді. Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.