28 ақпанға қараған түні Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-2.1а» зымыран тасығышы «Прогресс МС-30» жүк кемесімен сәтті ұшырылды. Зымыран Астана уақытымен 02:24-те көкке көтерілді.
Ғарыш жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) шамамен 2,6 тонна жүк жеткізеді. Оның ішінде отын, су, азық-түлік, ғылыми эксперименттерге арналған жабдықтар мен экипаждың өмір сүруіне қажетті құрал-жабдықтар бар.
Сонымен қатар, ашық ғарыштағы жұмыстарға арналған жаңа «Орлан-МКС» скафандры да станцияға жіберілді.
Кеме екі тәулікке созылатын ұшу схемасымен қозғалады. Осы уақыт ішінде «Прогресс МС-30» Жерді 34 рет айналып, 2 наурыз күні ХҒС-қа түйіседі. Бүкіл миссия 193 тәулікке созылады.
Фото: «Роскосмос»