Кеше, 27 ақпанда, «Ауыл» партиясының саяси кеңесі президиумының отырысында Жигули Дайрабаев партия төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.
Партияның баспасөз қызметі бұл шешімді саяси кеңес мүшелері бірауыздан қабылдағанын хабарлады.
Дайрабаев – «Ауыл» партиясынан сайланған Мәжілістің VIII шақырылымдағы депутаты.
Еске салсақ, 2023 жылдың сәуірінде Жигули Дайрабаевтың ұлдары – Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық мемлекеттік субсидияны жымқыруға байланысты алаяқтық жасағаны үшін сотталған болатын.
Тараз соты оларды «Альбион» сұрыпты құлпынай көшеттерін сатып алуға бөлінген мемлекеттік қаржыны жымқырды деп танып, кінәлі деп тапты.
Мемлекетке келтірілген шығын 550 миллион теңгеден асты.
Сот үкімімен Дайрабаевтың ұлдары бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.