Қарағанды облысында интернет-алаяқтардың заңсыз әрекеті әшкереленді.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, алаяқтар бір бөлмелі пәтерді жалға алып, арнайы жабдық орнатқан. Олар әр 10 күн сайын пәтерге келіп, қолданған құрылғылардағы SIM-карталарды ауыстырып отырған. Тінту барысында полиция қызметкерлері 232 SIM-карта мен екі сим-бокс құрылғысын тәркілеген. Бұл жабдықтар алаяқтық әрекеттер жасауға қолданылған.
Теміртау қаласының 34 және 36 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олар ұялы байланыс құрылғыларының абоненттік кодтарын заңсыз өзгертті, сондай-ақ осы мақсатта арнайы бағдарламалық қамтылым әзірледі, пайдаланды және таратты деп айыпталып отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы мен ықтимал серіктестер анықталуда.
Сонымен қатар, Қарағанды қаласының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол азаматтарды алдап, әлеуметтік жәрдемақы алу немесе жүргізуші куәлігін жасатуға көмектесу сылтауымен онлайн-несиелер рәсімдеген деп күдіктелуде. Полиция бұл азаматтың кемінде 11 эпизодқа қатысы барын анықтады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет-алаяқтардың заңсыз әрекетін тоқтату операциясын Қарағанды облысы киберполиция қызметкерлері ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы күрес департаменті, ҰҚК және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп жүргізген.
Бұл оқиға Қазақстандағы интернет-алаяқтықтың күрделілігін және құқық қорғау органдарының осы бағыттағы жұмыстарын айқын көрсетеді.