Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Тибетте сейсенбі күні таңертең магнитудасы 6,8 балдық жер сілкінісінен кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі «Синьхуа» деректеріне сілтеме жасап.
Қытай Коммунистік партиясының бас хатшысы жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетуге барлық күш-жігерді жұмсауды бұйырды.
«Бүгін таңертең Тибеттегі Тингри мен оған жақын аймақтарда болған жойқын жер сілкінісі туралы жаңалықты естіп, қатты күйзелдім. Бұл апат көптеген адамның өмірін қиды, жарақаттарға және тұрғын үйлер мен мүліктердің ауқымды қирауына әкелді. Қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», – деді тибеттік буддизмнің рухани көсемі.
Құрбандар мен қираулар туралы мәліметтер
Қытай билігінің соңғы мәліметтері бойынша, Гималай тауларының солтүстік баурайында, Тибеттің қасиетті қалаларының бірі саналатын Шигадзе маңында орын алған күшті жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 95 адамға жетті. Ең кемі 130 адам жарақат алды, ал шамамен 1000 үйге зақым келген.
Көптеген тұрғындар қирандылар астында қалып қойды, ал ондаған жер асты дүмпулері Қытайдың батысындағы биік таулы аймақтарды шайқалтты. Бұл толқындар Непал, Бутан және Солтүстік Үндістанда да сезілді.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы 7,1 балды құрады. Жер сілкінісінің эпицентрі Непалмен шекара арқылы өтетін Эверест тауынан солтүстік-шығысқа қарай 75 шақырым жерде орналасқан Тингри уезінде болған. Ал Қытай деректерінде магнитудасы 6,8 деп көрсетілген.
Табиғи апат салдарын жою шаралары
Си Цзиньпин табиғи апаттың қайталама зардаптарының алдын алуға күш салуды, зардап шеккендерді орналастыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруды және апат салдарын жою бойынша сапалы жұмыстар жүргізуді тапсырды.
«Сейсмологиялық жағдайды бақылау мен ерте ескерту шараларын күшейту қажет. Құтқару жұмыстары үшін қажетті материалдарды уақытылы жіберіп, зақымдалған инфрақұрылымдарды қалпына келтіруді жеделдету керек. Сондай-ақ халықты қажетті негізгі тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етіп, қыс мезгілінде адамдардың қауіпсіздік пен жылулықта өмір сүруін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті Си Цзиньпин.