Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT вагондарындағы жолақы құны туралы сұраққа жауап беріп, бағаның «қолжетімді және ақылға қонымды» болатынын айтты.
«Бастапқыда жобаны жоспарлаған кезде жолаушылар ағыны тәулігіне шамамен 20 мың адам болады деп күтілді. Алайда, біз бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болатынын, мүмкін бірнеше есеге өсетінін көріп отырмыз. Сондықтан баға қайта есептеледі. Қазіргі уақытта нақты соманы айта алмаймын, бірақ бұл қоғамдық көлік екенін және оның құны халықтың барлық әлеуметтік топтары үшін қолжетімді деңгейде болуы керектігін атап өтемін. Баға ақылға қонымды әрі қолайлы болады», – деді әкім ОКҚ брифингінде.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі уақытта эстакада құрылысының барлық дерлік жұмыстары аяқталған. LRT-ның барлық инфрақұрылымы 2025 жылдың жазында толық дайын болады.
«Қазір рельстер төсеу жұмыстары жүргізілуде. Көктемде сигнализация жүйесін орнату басталады. Алғашқы пойыздар 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларында келеді деп жоспарлануда. Күзде 15 пойыз құрамы жеткізіледі. Техникалық қозғалыс келесі жылдың соңында ашылады, ал толыққанды жұмыс 2026 жылдың басында басталады», – деп мәлімдеді әкім.
Фото: ChatGPT