Respublica фракциясының мүшесі депутат Динара Наумова білім беру нарығындағы мамандарды міндетті түрде аккредитациядан өткізу және сертификаттау қажет деп санайды.
Динара Наумова өзінің депутаттық сауалында жеке даму коучтары мен бизнес-тренерлерді міндетті сертификаттау және аккредитациядан өткізу туралы ұсыныс жасады. Ол бұл сауалды Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдады.
Динара Наумованың айтуынша, соңғы жылдары жеке және кәсіби даму қызметтері нарығы қарқынды дамып келеді. Алайда коучтар мен тренерлердің кәсіби біліктілігі ешқандай құжатпен расталмаған және көбінесе талапқа сай емес.
Respublica фракциясының мүшесі бұл мәселені шешу үшін:
▪️ Коучтар, тренерлер және осы саладағы басқа да мамандарға міндетті сертификаттау және аккредитация жүйесін енгізу;
▪️ Сертификатталған мамандардың бірыңғай тізілімін жасау және оны ел азаматтары үшін қолжетімді ету;
▪️ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және коучтар мен тренерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру мақсатында заңнамалық бастамалар қабылдау қажеттігін алға тартты.
Динара Наумованың айтуынша, кейбір елдерде мамандарды сертификаттау және аккредитациялау процесі қатаң реттеледі, бұл азаматтардың коучингке деген сенімін арттырып, сапасыз қызметтер алу қаупін азайтады.
Өткен жылы депутат Жарқынбек Амантай «инфоцығандар» қызметіне сын айтқан болатын. Оның пікірінше, әртүрлі курстардың ұлттық құндылықтарға және «Неке және отбасы туралы» заңға сәйкестігін ешкім тексермейді.