-11 C
Нур-Султан
-6.1 C
Алматы
-4.7 C
Шымкент
-11 C
Нур-Султан
-6.1 C
Алматы
-4.7 C
Шымкент

Балаларды қорғау: асырап алуға үміткерлерге қойылатын жаңа талаптар

2024 жылғы 19 желтоқсанда ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Сенаттың пленарлық отырысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату жөніндегі жоспарларды баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Сенатор Нұрия Ниязова 2023 жылғы 23 шілдеде Конституциялық Соттың нормативтік қаулысымен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 91-бабындағы тіркелген некеде тұрмайтын ер адамдардың асырап алушы болуына тыйым салатын нормасы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылғанын еске салды.

– Сонымен қатар балаларға қатысты құқық бұзушылықтар, оның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық жағдайларының саны жыл сайын өсуде. 2024 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты 890 құқық бұзушылық тіркелді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, мұндай құқық бұзушылықтардың 99%-ын ер адамдар жасайды. Аталған заңда қамқоршылық, патронаттық тәрбие және асырап алу институттарын күшейту мәселелері Конституциялық Соттың қаулысын ескере отырып қарастырылмаған. Осыған байланысты, министрлік асырап алу құқығын отбасылық жұптарға беру басымдығын қарастыруда ма? Асырап алу, қамқоршылық және патронаттық тәрбие институттарын нығайту бойынша министрліктің қандай жоспарлары бар? – деп сұрады ол.

Өз кезегінде вице-министр Еділ Оспан Конституциялық Соттың 23 шілдеде қабылдаған қаулысын орындау аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуде отбасылық жұптарға басымдық беруді қарастыратын бірқатар заңнамалық нормалар әзірленгенін айтты.

– Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату бойынша кешенді шаралар әзірленді. Бұл талаптар асырап алушы мен асырап алынушы арасындағы жас айырмасын белгілеу, асырап алушының соттылығы туралы мәліметтерді жыл сайын жаңарту, психологиялық диагностикадан міндетті түрде өту және аккредиттелген ұйымдар арқылы арнайы оқыту шараларын қамтиды. Олар кәсіби қабылдаушы отбасылар сияқты дайындықтан өтетін болады. Бүгінде бұл түзетулер мемлекеттік органдардың келісуінде. Келісуден кейін түзетулер пакеті Парламентке енгізіледі, – деді вице-министр.

Айта кетейік, 2024 жылғы 18 қаңтарда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың тағдырына алаңдайтынын мәлімдеген еді. Ол өз депутаттық сауалын Бас прокурор мен Премьер-министрге жолдаған болатын.

Фото: ChatGPT

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар