«Ана тілі» газетіне берген сұхбатында президент Тоқаев экс-президент туралы және оның Ресейге соңғы сапары жайлы ойын айтқан.
«Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді.
Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді», — дейді президент.
Соған қарамастан, Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегін лайықты бағалау керектігін де атап өткен.
Ал қоғамды қызу талқыланған экс-президенттің Ресейге сапарына қатысты Қ.Тоқаев былай дейді:
«Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды», — деп түйіндейді сөзін мемлекет басшысы.назарбаев