4 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
15.3 C
Шымкент
4 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
15.3 C
Шымкент

20 КҮНДЕ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ 5 РЕТ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ. ТОҚАЕВ БИЛІГІ ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІ ТАБА АЛА МА?

2023 жылдың алғашқы 20 күнінде елде журналистерге бес рет шабуыл жасалды. Оппозициялық Elmedia редакциясының әйнек есігі екі рет шағылды, Қаңтар оқиғасы туралы жиі жазып жүрген журналист Динара Егеубаеваның көлігі өртеніп, Ulysmedia сайты бұзылды. Порталдың бас редакторы Самал Ибраева мен оның отбасының жеке құжаттары интернетте тарады. Журналист Вадим Борейконың үйінің есігіне белгісіз біреулер желім жағып кетті. Медиа өкілдері тілшілерге қысым күшейгенін жазып, биліктен бейтарап тергеуді талап етіп жатыр. Қазақстан президенті Тоқаев «журналистерге қарсы жасалған қылмыстарды мұқият тергеуді» тапсырды. Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбритания елшіліктері журналистерге қолдау білдірді.

БОРЕЙКОНЫҢ «КРЕЩЕНИЕСІ»

64 жастағы журналист Вадим Борейко Алматы орталығындағы 80-жылдары салынған көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Көшеден алыстау орналасқан аула тыныштығын 19 қаңтарда түнімен тергеу жұмыстарын жүргізген полицейлер, ертесі камера арқалаған журналистер бұзды.

— 19 қаңтарға қараған түні әйелім түнгі екі жарымның шамасында оятты. Пәтеріміздің есігі алдында біреулер жүр екен, есікті ішінен бір-екі рет қаққан соң, әлдебірлеулер топырлап қашып кеткен. Өткір бір иіс болды, алғашында керосин бе екен деп ойладық. Есігімізді күш салып әрең аштық. Сөйтсек, олар есігіміздің жақтауын жағалай полиуретан көбікпен (жөндеуге қолданылатын көбік) бітеп кеткен, иіс сол көбіктікі екен, — дейді Борейко.

Мұндай көбік Борейконың ғана емес, көршілерінің есігіне де, подъездегі электр есептегішке де жағылған. Көршілерінің бірі есіктегі көзсалғыштан үш ер адам жүргенін көрген. Пәтердің және подъездің есігіне «Гиперборей» деген жазу қалдырып, бейәдеп сурет салып кеткен. Полиция келіп, саусақ іздерін, көбіктің бір бөлігін сараптамаға алып кеткен. Әзірше қандай бап бойынша іс қозғалғаны белгісіз.

Вадим Борейко – Қазақстанда танымал журналист-зерттеуші, 2019 жылдан бері YouТube желісіндегі «Гиперборей» арнасының авторы. Қазір 250 мыңға жуық жазылушысы бар арнада деректі фильмдер, зерттеулер, саяси-экономикалық және әлеуметтік тақырыптарда сұхбаттар жарияланып келеді. 46 жыл журналистикада жүрген Борейко бұл шабуылды кәсіби қызметімен байланыстырады.

— Қастандық православ мерекесі – «Крещениеге» тұспа-тұс келді. Мен осылайша өзіндік бір «крещениеден» өттім. Мақсат – қорқыту. Высоцкий айтқандай, мені жазбасын, аз ойлансын деп қорқытпақшы. Бірақ әдетте мұндай жағдай кері нәтиже береді. Мен өз контентімді еш өзгертпеймін, оның сыни сипатын бәсеңдетпеймін, – дейді Борейко.

Борейко «жүйенің айтқанына көнбейтін және жалғыз өзі контент жасап жүрген журналистерге шабуыл» туралы жиі айту керек деп біледі. Оның пайымдауынша, бұл мәселеде қорғанудың жалғыз амалы – жариялау, айту

ИНТЕРНЕТКЕ ЖАРИЯЛАНЫП КЕТКЕН ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕР

18 қаңтар түстен кейін Ulysмedia сайтының алғашқы бетінде бас редактор Самал Ибраеваның жеке басына қатысты ақпарат, оның отбасы мен кішкентай балаларының мәліметі, паспорты мен отбасының бұған дейін еш жерде шықпаған суреттері жария етілді. Көп кешікпей бас редактор сайт бұзылғанын, онда жария етілген фото-видео материалдар мен мақалалардың бәрі жойылғанын хабарлады. Қазір сайт жабық.

— IT-мамандарымыз кейінгі үш айдың материалдарын қалпына келтіруіміз мүмкін деп үміттендіріп отыр. Бірақ сенім аз. Полицияға шағым жаздым. «Жеке өмірге қол сұғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ адвокаттармен «Қорқыту» бабымен де іс қозғауды сұрап отырмыз, — дейді Самал Ибраев

Самал «қазір қатты күйзеліп отырмын, өзіңіз көрген боларсыз, онда менің отбасым, балаларым жайлы ауыр жайттар жазылған» деп күрсінді.

— Ulysmedia 2021 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеп келе жатыр. Негізінен саяси тақырыптарға мақала жазамыз. Ұсақ-түйек DoS-шабуылдар болып, жағымсыз пікірлер де кездесетін, бірақ енді серверді істен шығарып, менің және балаларымының құжаттарын жария етті. Оларды алу үшін поштамды да бұзған сияқты. Мұның барлығының артында арнайы қызмет тұр деп ойлаймын. Жекелеген материалға ренжіген адамның мұндайға қауқары жетпейді деп ойлаймын, — дейді Ибраева.

Штатында 12 қызметкері бар UlysMedia қазір тек әлеуметтік желі мен телеграмда хабар таратып жатыр.

«КӨЛІГІМДІ ӨРТЕУ – ТАПСЫРЫС»

Ал 14 қаңтарға қараған түні журналист Динара Егеубаеваның көлігін әлдекімдер өртеп кетті. Олар әуелі терезесін кірпішпен сындырып, ішіне от қойған. Полиция «Бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру» бабы бойынша іс тіркеді. Бірақ журналист оны «Терроризмі актісі» және «Адам өлтіруге талпыну» баптары бойынша тіркеуді талап етеді. Келесі күні Алматы полициясы журналистің «көлігін өртеді» және Elmedia редакциясының «терезесін сындырды» деген күдікпен бес жасөспірім ұсталғанын хабарлады.

«Жедел бөлім қызметкерлері бірнеше қылмыс жасады деген күдікпен 2005, 2006 және 2007 жылдары туған бес жасөспірімді ұстады. Олардың жауабына қарағанда, екі тапсырысты да олар интернет арқылы белгісіз біреуден алған. Тапсырыс беруші ақысын да дәл солай [интернет арқылы] төлеген» деп жазылған полицияның Азаттыққа жіберген хабарламасында. Полицияның ақпаратына қарағанда, тапсырыс беруші кім екенін анықтап, оны ұстау үшін кешенді іс-шара жүргізіліп жатыр.

Егеубаева тапсырыс беруші табылмаса, «қаладағы барлық жасөспірімдерді қамап қойса да, шабуыл тоқтамайды» дейді.

– Мен мұның барлығын кәсіби қызметімен байланыстырамын. Себебі мен Қаңтар оқиғасын зерттеп жүрмін, азапталғандармен сөйлесемін, сонымен бірге Украинадағы соғыс жайлы ашық айтамын. Бұл екеуі де билік үшін өте ауыр тақырып, сондықтан бұл қарапайым бұзақылық емес, тапсырыс екенініне сенімдімін, — дейді Динара Егеубаева.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар, сот пен тергеудегі әділетіздіктер туралы көп хабар таратып жүрген журналист Динара Егеубаева былтыр қарашада белгісіз біреулер көлігінің әйнек тазалағышын желімдеп, құлпын бұзып, дөңгелегінің желін шығарып кеткенін айтқан. Ол ізінше үйіне полиция қызметкерлері келгенін хабарлаған.

Қаңтардың басында Егеубаева мен тағы бірнеше белсенді «Алтыншы Қаңтар» («6 қаңтар») блогы құрылғанын және бірмандатты округ бойынша кезектен тыс мәжіліс сайлауына (19 наурызға белгіленді) өзін кандидат ретінде ұсынуға дайын екенін айтқан.

ТӨРТ АЙДА АЛТЫ РЕТ ШАҒЫЛҒАН ТЕРЕЗЕ

Elmedia арнасының редакциясы Алматыдағы бизнес орталықтардың бірінің 6-қабатында орналасқан. Кейінгі төрт айда редакция отыратын бизнес орталығының бірінші қабатындағы әйнек есікті алты рет шағып, кіреберіске «Elmedia» деп қызыл баяумен жазу қалдырып кеткен. Ерғалиева полиция күдіктілерді ұстағанын, оларға «Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

– Қазан айынан бастап кіреберіс есікті түгел сындырып кетіп отырды. Оны өз ақшамызға қалпына келтірдік. Кейінгі екі шабуыл бақылау камерасына түсіп қалды. Әрине олар маска таққан, бірақ камерадан олардың дене бітімін анықтап, ұсталғандармен салыстыруға болады, оның үстіне күдіктілер өз айыбын мойындап, кімнен, қалай тапсырыс алғаны, қанша төлегенін айтып отыр. Бірақ олар орындаушылар ғана, ал тапсырыс берушіні табу керек қой, — дейді Elmedia арнасының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

2000 жылдардың басында «Общественный договор», «Свобода слова», Guljan.org, ADAMbol, ADAM басылымдарында редактор болған Ерғалиева 2021 жылы YouТube желісінде Elmedia арнасын ашқан. Саяси тақырыптарды қозғап, билік басындағылар туралы зерттеулер мен сұқбаттар жариялап жүрген арнаның 100 мыңнан аса жазылушысы бар. Журналист өзі ашқан барлық ақпарат құралы сот шешімімен жабылғанын «саяси тапсырыс» деп санайды.

— Бұл істер биліктің және тікелей [президент Қасым-Жомарт] Тоқаевтың абыройына нұқсан келтіреді. Себебі бұл ашық әрі арсыз әркеттер. Бұл – тек бізге ғана емес, елдің бірінші басшысына да сес көрсету. Билік мұны түсініп, тапсырыс берушілерді табар деп үміттенемін, — дейді Ерғалиева.

ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛА МА?

20 қаңтарда президент Тоқаев журналистерге қарсы шабуылды мұқият тергеуді тапсырғаны хабарланды. Бірақ бұл ақпарат Ақорда сайтында емес президент баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың парақшасында жарияланды.

Желдібай Тоқаевтың «Қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс» деген сөзін келтірген.

Бірақ кейбір журналистер мен сарапшылар Тоқаевтың бұл тапсырмасының орындалатынына сенбейді.

– Жасалған қастандықтардың ішінде менікі ең қауіпті десем артық айтпаспын, мүлкімнен айырылдым. Бұл шабуылдар қауіпсіздігімізге, денсаулығымыз бен өмірімізге қауіп төндіреді. Сондықтан ең болмағанда ішкі істер министрі мен президент Тоқаевтың өзі мәлімдеме жасауы тиіс еді. Өйткені ол елде болып жатқан жағдайларға жауапты адам. Бұл істің саяси астары бар екенін және елдегі Қаңтар бойынша істердің тергелуі мен азаптау туралы істердің жабылып қалып жатқанын ескерсек, Тоқаевтың өзі емес, баспасөз хатшысы таратқан бұл мәлімдемеден нәтиже шығады деп ойламаймын, — дейді Динара Егеубаева.

19 қаңтарда «Құқықтық медиаорталық» ұйымы бұл шабуылдарды тәуелсіз журналистер мен сайттардың «аузын жабуға ұмтылысы» деп, құқық қорғау органдарын шабуылдарды бейтарап тергеуге шақырды. Ұйым жетекшісі Диана Окремова шабуылдарды бірден тергеп, оны жасаған және тапсырыс бергендерді анықтау тікелей міндетіне кіретін орган президент тапсырмасынан кейін қозғалуы аянышты жағдай деп есептейді.

– Өкінішке қарай біздің ел жүйеге емес бір адамға бағынышты болып келді, сондықтан президент тапсырма берсе ғана жұмыс істей бастайды. Қазір де осы жағдай жалғасып жатыр. Меніңше, қазір бұл істерді тергеп, тапсырыс берушіні анықтау – биліктің абыройы үшін сын сағаты. Оның үстіне бұл шабуылдардың артында биліктің өзі тұр деушілер де аз емес, – дейді Окремова.

20 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшіліктері және Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігі елде журналистерге шабуыл жиілегеніне алаңдаушылық білдіріп, ортақ мәлімдеме жасады.

«Кейінгі кезде тәуелсіз журналистерге қарсы жасалып жатқан шабуылдарға алаңдаймыз, журналистерге қолдауымызды білдіреміз. Әрбір оқиға толық тергеліп, бұл құқықбұзушылықтарға кінәлі адамдар жауапқа тартылуы керек. Президент Тоқаевтың тергеу жүргізу қажет деген мәлімдемесін қолдаймыз» деген мәлімдемеде.

АЗАТТЫҚ ТІЛШІЛЕРІНЕ ШАБУЫЛДАР ТЕРГЕЛМЕГЕН ЕДІ

Қазақстанда журналистерге бірінші рет шабуыл жасалып отырған жоқ. 2019 жылы 22 маусымда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының кеңсесінде өтуге тиіс баспасөз мәслихатына барған Азаттық тілшілері мен ҚазТАГ журналистеріне бір топ әйел шабуыл жасаған. Олар тілшілерге жұдырық жұмсап, журналистердің техникасын сындырған. Әйелдер бюро қызметкерлеріне де тиіскен.

Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалғанымен, ешкімге айып тағылмады, журналистерге шабуыл жасағандар анықталмады.

2019 жылы наурызда Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге қарсы өткен бейбіт митинг кезінде бір топ жас Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтірген еді. Сол жылы 6 шілдеде ел астанасындағы наразылық шарасынан тікелей эфир жүргізген Азаттық тілшілеріне бетіне маска таққан белгісіз адамдар кедергі жасады. Наразыларды ұстау шарасын түсіру кезінде екі ер адам камераны қолшатырмен көлегейлеп, тағы бір белгісіз адам оператор мен тілшіге қарай әдейі газ бүрікті. Осы әрекеттердің бәрін көрген полицейлер ешқандай шара қолданбады.

2020 жылы 6 маусымда Шымкентте бейбіт наразылықты түсірмек болған тілшінің камерасын белгісіз біреулер жауып, кедергі келтіре берді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қолшатыр ұстағандардың бірі Шымкенттегі ішкі саясат басқармасына қарайтын мекеме маманы екенін айтты. Азаттық бұл оқиға бойынша органдарға шағым түсіргенімен, күдікті анықтамады.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар