16 C
Нур-Султан
24 C
Алматы
31.3 C
Шымкент
16 C
Нур-Султан
24 C
Алматы
31.3 C
Шымкент

Қазақстан билігі Ұлыбритания депутаттарынан құралған комиссиямен кездесуден бас тартты

Тіркелмеген «Демократиялық партия» жетекшісі Жанболат Мамайғақозғалған істі зерттеуші британдық комиссия мүшелері Қазақстан билігінің екіжақты кездесуден бас тартқанын және белсендінің өзімен кездесуге де тыйым салғанын мәлімдеді. 20 қаңтарда комиссия мүшелері Алматыда сапарын қорытындылап, жиын өткізді.

Комиссия мүшелері, Ұлыбритания парламентінің депутаттары лорд Кен Макдональд пен Роберт Баклендт қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан белсенді Жанболат Мамаймен кездесе алмаған. Алматының Бостандық аудандық сотына жазған өтініші де қанағаттандырылмаған.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және 7 шақырылымдағы мәжіліс депутаты Айгүл Құспанмен (19 қаңтарда мәжіліс тараған — ред.) 20 қаңтарға жоспарланған кездесуі де өтпей қалған. Қазақстан билігінің өкілдері шетел депутаттарының Алматыға келуіне бір күн қалғанда кездесуден бас тартқан. – Себебін де дұрыс түсіндірмеді, – дейді комиссия мүшелері.

— Қазақстан — адам құқықтары жөніндегі түрлі халықаралық конвенцияларға, келісімшарттарға қол қойып, оны орындаймын деп мойындаған, көптеген демократиялық елдермен бірге қауымдастықтарға мүше ел. Сол үшін осында келіп отырмыз, — деді комиссия төрағасы лорд Кен Макдональд.

Ұлыбритания депутаттары Қазақстанға 16 қаңтарда келген. Бес күн бойы Қаңтар оқиғасының куәгерлері мен көптеген жәбірленушімен сұхбаттасқан. Олар ештеңеге қарамастан зерттеуді жалғастырып, қорытындысын ашық жариялайтынын мәлімдеді.

Комиссияның негізгі мақсаты — Жанболат Мамайға байланысты қозғалған істі зерттеу деп айтылады. Оның жұмысын Лондондағы Bindmans LLP заң фирмасы ұйымдастырған.

Фирма басшыларының бірі Тайаб Алидің айтуынша, мұндай комиссия құруды Қазақстан азаматтары сұраған.

— Сол азаматтар [тәуелсіз зерттеуді сұраған] Жанболат Мамайдың басынан өткен оқиғаларға алаңдайды, — деді Тайаб Али.

Алайда Bindmans LLP өкілі бұл қызметі үшін қанша ақы алатынын, оған мүдделі тараптың кімдер екенін айтудан бас тартты.

— Бұл [мүдделі тараптың атын атау] тергеуге қатысатын адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ол адамдарды қорғау үшін атын атамауды шештік, — деді комиссия мүшесі.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осы комиссияны ресми деп мойындамайтынын айтқан.

— Ұлыбритания парламентінің атынан құрылған ресми комиссия жоқ. Британ тарабының түсіндіруінше, бұл комиссияның елдің парламентіне де, үкіметіне де қатысы жоқ. … Заң фирмасы беделі үшін осы зерттеуге Ұлыбритания парламентінің үш мүшесін тартқан. Оларды қандай шарттармен шақырғаны белгісіз. Парламент мүшелері қайдан шыққаны белгісіз, күмәнді ақы үшін «жалған тәуелсіз комиссияға» неліктен кіргені түсініксіз, — деді Айбек Смадияров.

Смадияр бұл комиссияның ресми рөлі жоқ деп санайтынын айтқан.

Комиссия төрағасы лорд Кен Макдональд Қазақстан билігінің бұл сынын Twitter-ден көргенін айтты.

– Мұны оқып көңіліміз түсті. Қазақстан билігінің пікірі – қате. Олар біздің ұсынысымызды дұрыс түсінбеді, бұл істегі рөлімізді дұрыс бағаламады. Біз Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісімен кездесіп, ұзақ сұхбаттастық. Ниетіміздің түзу екенін түсіндірдік. Олар да бізге қолдау білдіріп, Қазақстанның заң қорғаушы органдарымен кездесуіміз қажет екенін айтты, — деп түсіндірді ол.

Bindmans LLP өкілі тапсырыс беруші күмәнді болса, бұл іске кіріспейтінін айтты. Сөзінше, Bindmans LLP – адам құқықтарына қатысты істермен айналысатын халықаралық танымал заң фирма.

Бұл фирма құрған комиссиядағы тағы бір үшінші депутат Рушанара Али бұл жолы Қазақстанға келе алмаған.

  • «Қазақстанның демократиялық партиясын» тіркей алмай келген оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай былтыр ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған «жалған ақпарат тарату» және «билік өкілін қорлау» баптары бойынша айыптар тағылды.
  • Маусымда Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай наразылық ұйымдастырды» деген тағы бір айып тағылды. Мамай сол кезде «билік оны 4 қаңтарда «Алматы Арена» кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді» деген. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.
  • Қазан айында Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінде бір күн бұрын күйеуіне «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыбы «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп санайды.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар