16 C
Нур-Султан
18 C
Алматы
22.3 C
Шымкент
16 C
Нур-Султан
18 C
Алматы
22.3 C
Шымкент

БОРАНБАЕВ КІНӘСІН МОЙЫНДАҒАН ЖОҚ

Экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев кезекті сот отырысында өзінің «қылмыс жасамағанын» мәлімдеді. Ол газдан түскен табысты жымқыру туралы айыпты терістеп, «бұл кәдімгі азаматтық-құқықтық келісім» деді.

«Мені акционер ретінде отырғызды. Бізде холдингте қаржы-шаруашылық қызметтерін бас директорлар жүргізеді. Компания газ сатып алып, Qazaq Gaz ұлттық компаниясына сатты. Газ сатып алу туралы келісімшартта баға формуласы жазылған. Оған сәйкес, «ҚазТрансГаз» әрбір тоннадан 10 доллардан пайда түсірген, яғни сатылымнан 20 млн доллар табыс тапқан. Бұдан бөлек, газдың барлығы Қытайға кеткен, яғни компания тағы 220 доллар табыс тапқан» деді Боранбаев Астананың №2 Сарыарқа аудандық сотында.

Ол сонымен бірге «АзияГаз Шонжы» компаниясының көлік шығынын өтегенін айтты.

«Яғни, бұл күн сайын мұнай, газ, азық-түлік саласында жасалып жататын кәдімгі кәсіпкерлік келісім. Ол заңнамаға қайшы емес. Кәсіпкерлік қызметтің негізінде, сату-алу туралы келісімнің өзегінде сол жатыр» деді Боранбаев.

Ол сонымен бірге сотта елден қашуға оқталмағанын айтты.

«Мен кездесуде отырған кезде сағат 17.00-де қамады. Иә, мен түнде ұшпақ болғанмын, алайда ол түнгі сағат 2-ге белгіленген рейс болатын. Неге елден қашуым керек? Осында туып-өстім, әкем де осында жерленген. Мұнда бизнесім бар, қайда кетемін? Түнгі сағат 2-дегі рейске бір ай бойы дайындалғанбыз, Ригаға ұшып кетуім керек еді, ол жақта менде девелоперлік жоба болған» деді Қайрат Боранбаев.

30 желтоқсан күнгі отырыста Боранбаев өзінің ұсталуына қатысты түсініктеме беріп, «Қаңтар оқиғасы [Назарбаев] отбасы мүшелерінің барлығына әсер еткенін жақсы түсінетінін» айтқан.

«Олардың бірі менмін, мұны сіздер жақсы біліп отырсыздар. Казақстан Конституциясындағы кінәсіздік презумпциясы бойынша, егер адамның кінәсі дәледенбейінше адам кінәсіз саналады» деді Боранбаев.

Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы 30 желтоқсанда басталған. Боранбаев «квазимемлекеттік сектордан ірі көлемде ақша жымқырды» деген күдікпен былтыр наурызда ұсталған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, сотта «АзияГазШонжы» ЖШС-інен «сұйытылған газды сатып алу кезінде жымқырылған 14,5 млрд теңге қаражатты ұрлау» эпизоды қаралып жатыр. Компанияның құрылтайшысы Қайрат Боранбаевқа «Қылмысты жасауға көмектесу», «Ірі көлемде біреудің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе жұмсау», «Ірі көлемде қаржы заңдастыру» баптары бойынша айып тағылған.

Дәл осындай баптар бойынша айып «АзияГазШонжы» құрылтайшыларының бірі Роман Нахановқа тағылған. Ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары Тайыр Жанұзақ «Біреудің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе жұмсау» бабы бойынша күдікке ілінген.

Forbes басылымы Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес кәсіпкердің қатарына жатқызған.

Сарапшылардың пікірінше, қанды Қаңтардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағылар ықпалынан айырыла бастаған. Экс-президенттің туыстары жоғары лауазымды қызметтерінен босатылып, кейбірі рейдерлік және қаржы жымқыру баптары бойынша қамауға алынған. Наурызда ұсталған экс-президенттің немесе інісі Қайрат Сатыбалды қыркүйекте алты жылға бас бостандығынан айырылған. Ол «Қазақтелеком» және «Көлік сервисі орталығы» компаниясынан ондаған млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар