8 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
11.3 C
Шымкент
8 C
Нур-Султан
14 C
Алматы
11.3 C
Шымкент

Гендерлік саясат – қоғам дамуының сабақтастығы

Ғасырлар бойы әйел адам ошақтың шырақшысы деген ұғым қалыптасты. Бүгінгі заманда да ол берік орныққан аксиома. Дегенмен де, уақыт ілгері озған бүгінгі шақта әйел затының қоғамдағы орны артып отыр. Еліміздің даму болашағына өзіндік үлесін қосуда олардың орыны айрықша екені айтпаса да даусыз дүние.

Мемлекеттік саясат қашан да әйелдер мен ерлердің бірдей үлкен істерге ат салысуын мансұқтап келді. Бүгінде қыз-келіншектер өздері қалаған түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетіп жатыр. Бұл – ерге де, әйелге де тән еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы ролін кеңейте түсу – еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі һәм бастысы. Аталған мәселе сөз жүзінде қалмай, белсенді іске асуда. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында әйелдердің үлесі 43 пайыздан асып үлгерді. Жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі – қыз-келіншектер. Іскер арулардың арқасында 1 миллионнан астам ел азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы ғасырда әйел бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болатын қозғаушы күш.

Қазақстанда «Гендерлік зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қи­мыл» және «Эконо­микалық әділдік пен құқық жөніндегі іс-қимыл» сияқты екі серіктес бірлестік бар. Бұл мемлекеттің бірқатар міндеттеме қабылдағанын білдіреді. Атап айтқанда, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың таралуы туралы жалпыұлттық зерттеу жұмысы қолға алынбақ.

Мемлекет өз азаматтарының бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, ең алдымен, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау басты міндет екенін атап өткені белгілі. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықты қорғау – маңызды міндет. Министрліктер осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлімдер ашты. Биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ түрлі тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем беріп, қол ұшын созады. Жалпы, бұл орталықтар жүйелі жұмыс істеуде. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейткен абзал. Осы күні Үкімет пен әкімдер бұл істі қолға алып үлгерді.

Әйелдер сұлулық пен ізгіліктің бейнесі екені рас. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің ауқымы өте кең. Ұлтты сақтаған да қазақ әйелдері екенін мойындаған жөн. Қазақта дана қыздар аз болмаған. Сол үшін жаңа ғасырда әйелге зорлық-зомбылық көрсетілмеуі керек екені сөзсіз.

Бұл тұста мәжіліс пен мәслихаттарда да әйелдердің рөлі артатын болғанын айта кеткен жөн. Бұл да мемлекеттің жүйелі, сарабдал шешімдерінің бірі. Сақтасақ, ананы сақтайық! Қадірлесек, ананы қадір тұтайық!

Ерлерді де, әйелдерді де тең құқылы етіп, әділетті көзқарас қалыптастыру – қоғамның өсіп-өркендеуіне дем береді. Осындай маңызды оң өзгерістерді ой елегінен тыс қалдырмаған жөн деп білеміз.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар