Жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді — профессор

5 қаңтарда болған қанды қозғалыс халықтың билікке деген көзқарасын екіге жарды десе де болады.
Біріншіден, үзілмей жалғасып жатқан сыбайластық, жемқорлық, «билік пен байлық кімде болса, күш сонда» екенін сезіндіру, халықтың негізгі бөлігінің кедейленуі, әлеуметтік жағдайдың шешімі болмай жатқан түйткілдері, т.б. жағдайлар халықтың ашуын бұрқ еткізгенмен, қайтадан билікке мойынсұнуға әкелетініне деген көзқарасты туындатқан болса; екіншіден биылғы жылдың басындағы Президент Жолдауында бағытталған «Жаңа Қазақстанды құру» саясаты Саяси даму жолы демократиялық бағытты ұстанған Қазақстанды жаңа белеске көшуге кіріскенін дәлелдегендей болып, халықтың өзгерістерге деген  сенімін ұялата бастады.
Елдің барлық даму салалары бойынша өзгерістерге мұрындық болар саяси бағытта өзгерістер басталғаны да белгілі. Парламенттің өкілеттігін арттыру, сайлаудың мажаритарлық түріне көшу, президенттің туыстарына мемекеттің шешуші басқару тұтқаларына ие болуына шектеу қою т.б. бастамалар жүзеге асырыла бастады.
5 маусымда референдум өткізіліп, Ата Заңымыздың үштен біріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, халық өкілеттігін шынайы түрде арттыруға мұрындық болуда. Ал, Президент Қ.К. Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Халыққа жолдауы саяси өзгерістерді жалғастырумен бірге елдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, білім беру және ғылым салаларындағы дамуы бойынша тиімді өзгерістерге бағыт-бағдар болып отыр! Бұл бағдарлар халықтың өзгерістерге бет алған мемлекетке арқа сүйеуге болатынына сенімін нықтады. Себебі Президент Жолдауында әділетті Қазақстан құру жолындағы жүзеге асыруға көзделген және аталған барлық бағдарлардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру!
Мемлекет басшысы Білім күні жариялаған Халыққа жолдауында осы уақытқа дейін қордаланып түйіткілге айналған бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешуге, ел азаматтарының дамыған елдердің халқына жасаудағы, қызығуға тұратын тәжірибесін елімізде жүзеге асыруға жол бастады! Мысалы, Ұлттық қордың 50 пайызы балалардың жеке есепшотына аударылады; бала күтіміне берілетін ай сайынғы төлемақы 1,5 жасқа дейін беріледі деген тапсырмалар!
Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру тұжырымдамасын іске асыру жолдары да осы Жолдауда нақты шаралар түрінде көрінді. Президент Жолдауда Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жарияланатынын паш етті. Қаңтар оқиғасынан кейінгі отбасылардың, қоғамдық ұйымдармен бірлесе құқық қорғау органдарының ізденіс жұмыстары қамауға алынған «қаңтаршылардың» арасында қапияда жазықсыз қамалғандардың да бар екенін көрсетті. Ендігі жерде рақымшылық көптеген отбасылардың басының бірігуіне мүмкіндік береді.
Зейнетке шығу жасын ұлғайту үдерісін 61 жаста тоқтату шешімі де халықтың 52%-ы болатын нәзік жандылардың көңілінен шықты. Қазақстанның 30 жылдық дамуында дағдарыстар да өрлеулер де болды. Бірақ, біртіндеп кең жайылған тамыр-таныстық, жымқырулар мен билікке жақын адамдардың ел байлығын талан-таражға салуы, қаржыны шетелге асыруы т.б. жағдайлар елдегі қаржылық  мүмкіндіктерді ел игілігіне жаратуда кедергі болғаны рас. Елдің демографиялық дамуының алдағы жылдарға арналған болжамдары мен Ұлттық табыстың өсу қарқыны арасындағы теңдіктің сақталмауы да зейнетке шығу жасын ұлғайту арқылы шешілмекші болғаны да белгілі. Қоғамдық ұйымдар әйел қауымының зейнет жасын ұлғайтуға қарсы пікірін қарсылығын әрдайым көрсетіп, үкіметке жеткізіп отыр. Осы орайда Президент Жолдауы бұл мәселені шешуді дәл қазіргі жағдайдағы мемлекетіміздің мүмкіндігіне сай қолға алып отыр деп есептеймін.
Азғана топтың монополиялық артықшылығына орай көліктердің бағасын реттеп отыруы, қымбат көліктерді алуға көпшілік адамдардың табысы жетімсіз болғандықтан, шетелден арзан көліктерді айдап келіп, пайдалануы елімізде жаппай орын алды. Ол – ол ма, қолжетімді көліктерді пайдалануға тыйым салынуы да жекелеген монополистердің мүддесіне орай жасалған әрекет деп есептейміз. Міне осындай жағдайда ел азаматтарының шетелден әкелген көліктерді 200-250 мыңға заңдастыруға жол ашуы да Президент Жолдауында орын алған.
Ең төменгі жалақы көлемі 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Әлемдік гео-саяси оқиғалармен тығыз байланыста елімізде инфляция мөлшері де ұлғаюда. Ол азық-түліктің, тұрғын үйлердің қымбаттауына, халықтың әл-ауқатының төмендеуіне әкелуде. Осыған орай төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеге көтеру де қажетті шара болып тұр. Түйіндер болсақ, 1 қыркүйекте жарияланған Президент жолдауында қарастырылған бағыттар – әбден ойластырылған кешенді шаралар.

Айжамал Құдайбергенова,
ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері,
т.ғ.д., профессор