Шораев: Украина шүбәсіз жеңеді

Украина әскері қарсы шабуылға шығып, ресейліктер басып алған біраз елдімекендерді бірінен соң бірін азат етіп жатыр. Харковь маңындағы майданда үстем түсіп, Ресеймен шекараға дейін жетіп үлгерді. Бұған кейбір сарапшылар «Украина үстем түсіп жатыр» десе, енді бірі «кесімді байдам жасауға әлі ерте» дейді.

Мәселен, неміс әскери сарапшысы Андреас Шрайбердің пікірінше, Украина әскерлері қазірдің өзінде ресейлік әскер тұрған елдімекендерді назардан тыс қалдырып, жаудан тазартпаған. Мақсаты – жау тылына мейлінше тереңірек еніп, денден кіру. Бұл ­– тек қана күрделі тактикалық қана емес, логистикалық та міндет.
Десе де, Украина әскерилердің белсенді әрекетке көшкені, біраз жетістікке жеткені анық байқалады. Таяуда Украинаға барып қайтқан қоғам қайраткері Арман Шораев осы елдегі ішкі ахуал туралы өз пікірімен бөлісті.
– Украина әскерінің қарсы шабуылына қандай баға берер едіңіз? Жақында Украинаға бардыңыз. Укриандықтардың соғыс жағдайындағы көңіл-күйі қалай?
­– Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Шынымен де қайсар халық екенін байқадым. Әскерилермен де, үлкен басшыларымен де, достарыммен де кездестім. Бәрі бір ауыздан «Украина жеңіске жетеді» деп отыр. Мұнысын ешқандай күмәнсіз айтады.
Солай боларына менің де күмәнім жоқ. Өйткені олар өздерінің туған жерін, отанын қорғап жатыр. Мұның өзі де сарбаздарға дем береді. Рух береді. Соғыс басталмай тұрып: «Украинаның бір солдаты Ресейдің он оккупантын жоя алады», ­– деп болжағаным бар. Бар мәселе – тек қана қару-жарақта ғана емес, отансүйгіштікте. Өз отанын қорғаған азамат ештеңеден қорықпайды. Жан беріп, жан алысуда аянбайды.
Міне, соның нәтижесін көріп отырмыз. Қарымта шабуылдан ескі кеңестік әскери жүйе мен батыстың жаңа тәсілдерінің арасы жер мен көктей екені анық байқалып тұр.
Ресейдің әскерімен салыстырғанда Украинаның әскері екі-үш есе аз. Бұған қарамастан, ХХІ ғасырдың технологияларын, қару-жарағын пайдаланып, Ресей оккупациясына қарсы тұрып жатыр.
­– Кейбір сарапшылар қуануға әлі ерте дегенді айтып жатыр. Сіз қандай болжам жасар едіңіз?
­– Әрине, бұл ­– қарымта шабуылдың басы. Тек қана ресейлік әскерлердің ғана емес, украиналық әскердің де арасында шығын аз емес. Ресейліктер қолдарынан ештеңе келмеген соң, электр қуаты жүйелерін бомбалау үстінде. Бейбіт тұрғындар тұратын ықшам аудандарды да, мектептерді де қиратудан тартынып жатқан жоқ. Сондықтан жағдай қиын.
Десе де, Украинаның соңғы жетістігі көзге анық көрініп тұр. Ресейліктер сәуір айынан бастап күш салып, жаулап алған жерлерді украиналықтар небәрі он күннің ішінде қайтарып алды. Бұл ­– 3 мың шаршы шақырым жер.
Бірақ жеңіске көп уақыт бар. Украиналықтар 24 ақпаннан кейін айырылып қалған аумақты ғана емес, Донбасс, Луганск және Қырымды да қайтарып алуды мақсат етіп отыр. Сондықтан кем дегенде бұл соғыс тағы да жарты жылдан аса уақытқа – келесі жазға дейін созылады. Бірақ Украинаның жеңетініне ешқандай күмән жоқ.
– Сонда, украиналықтар жеңіске құлшынып отыр ма? Бұған көзіңізбен көрген нақты мысалдарыңыз бар ма? 
­– Бірінші күні оккупацияға ұшыраған Киевтің іргесінде Гостомель, Бородянка және басқа да елді мекендеріне бардым. Осы жерлерде қолына қару алып, аймақтық қорғанысқа қатысқан жігіттерді көрдім.
Жастарды айтпағанда, алпыстан асқан шалдар да қолына қару алып, Ресейдің кәсіби әскерін тас-талқан еткен. Ешқайсысы әскери адамдар емес, өзіміз секілді қарапайым азаматтар. Біреуінің қолында ­– аңшы мылтығы, бірінің қолында – бесатар. Осы кісілермен сөйлесіп көрдім. Олардың қайсарлығына таң қалдым.
Жергілікті қазақ диаспорасымен де тілдестім. Қарасы аса көп емес. Десе де, әр жұма сайын зардап шеккен аймақтарға барып, тұрғындарға арнайы дастархан жайып, палау басып, бауырсақ қуырып, самаурын қойып, қайырымдылық жасап жүр. Өз басым бір акцияларына қатысып көрдім. Бұл аймақтағы украиналықтар қазақ тағамдарымен жақсы таныс.
­– Соңғы кезде Петербор мен Мәскеудің депутаттары Мемлекеттік Думадан Путинді тағынан тайдыруға шақырған үндеулер жасай басталды. Бұл нені көрсетеді?
– Ресейдегі жаңа саяси үдерістердің басы деп ойлаймын. Ресейліктердің дені «ватник» болса да, Украинада таяқ жеп жатқанын телеграм арқылы, әлеуметтік желілер арқылы көріп отыр. Саяси және әскери басшылығына нашар баға беріп жатыр. Меніңше, осы соғыстың нәтижесінде Ресей ішінен ыдырай бастайды.
Петербор мен Мәскеу ­– бұрыннан оппозицияның ордасы. Наразылықтар осы екі қаладан басталып, бүкіл Ресейге тарайды деп ойлаймын.
­– Қазір ресейлік телеарналардан ара-тұра сарапшылардың «әскери операцияның нәтижесі нашар, соғысты тоқтату керек» деген пікірлері көрсетіліп қалып жатыр. Бұдан бірнеше ай бұрын бұл мүмкін емес жағдай еді. Ресей басшылығы да Украинаны басып ала алмайтынын түсіне бастағаны ма, бұл?
– Әрине, соғыстың басында келіссөз жасауға Украина басшылығы тілек білдіріп келді. Қазір Украина басшылығы да, халқы да Қырым мен Донбассты қайтарып алмайынша, Ресеймен келісім жасауға болмайтынына көздері жетті.

НЕГЕ