Журналистер вице-премьер, Қаржы министрінен Е.Жамаубаевтан Мәжіліс кулуарларында Қазақстан кеденін Нұрсұлтан Назарбаевтың жанұясы мен жақындары бақылап отырғаны жайлы болжамдар қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

«Өткен жылы, өздеріңіз білетіндей, президент кеден саласында тәртіп орнатуды тапсырды. Осыған байланысты біз көптеген бұзушылықтарды анықтадық. Бас прокуратурамен және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс тобы құрылды, ол жұмыс істеді, анықталған барлық фактілер құқық қорғау құрылымдарына берілді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Сол бұзушылар тарапынан уақтылы төленбеген сомалар бюджетке түсіп жатыр. Өткен жылы құқық бұзушылардан шамамен 50 миллиард теңге өндірілді. Заң бұзған бірнеше экономикалық оператор болды. Түпкі бенефициарларды өздеріңіз атадыңыздар», – деп жауап берді министр.

Бірақ Жамаубаев сыбайлас жемқорлық схемаларының түпкі бенефициарлары туралы сұраққа тікелей жауап беруден бас тартты.

«Олардың саны өте көп. 15-тен астам экономикалық оператор болды, бірақ нақты қандай қылмыстық істер жүргізілгені және нақты қандай сомалар өндірілгені жөніндегі сұрақтарға  құқық қорғау құрылымдары жауап бере алады», — деді вице-премьер.