18 C
Нур-Султан
25 C
Алматы
17.3 C
Шымкент
18 C
Нур-Султан
25 C
Алматы
17.3 C
Шымкент

Шойгу Путинге ішінара мобилизация аяқталғанын хабарлады.

Ресейде «ішінара мобилизация» аяқталды. Жұма, 28 қазанда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде қорғаныс министрі Сергей Шойгу осылай деп мәлімдеді.
Мобилизация 21 қыркүйекте Ресей басшысының жарлығымен жарияланған еді. Оның аяқталғаны жөнінде жарлық шыққаны хабарланбады.

Президентке мобилизация барысын баяндаған Шойгу 300 мың адам соғысқа шақырылғанын айтты. Қазір бұл мәліметтің растығын тексеру мүмкін емес. Қорғаныс министрінің сөзінше, мобилизацияланған 82 мың адам соғысқа жіберілген. 218 мыңы әскери полигондарда дайындықтан өтіп жатыр. Шақырылғандардың орташа жасы – 35. Министр сонымен бірге бастапқыда шақырылғандарды жабдықтармен қамтамасыз етумен мәселе туындағанын, кейін шешілгенін айтты, деп жазды Азаттық радиосы.

Шойгу қосымша азаматтарды соғысқа шақырудың қажеті жоғын атап өтті. Оның айтуынша, әскер жалдамалылар мен еріктілер есебінен толықтырылады.

Мобилизацияның алғашқы айында оны жүргізу ережесінің бұзылғаны жөнінде көп ақпарат тараған. Кей жерде денсаулығына байланысты армияға жарамсыз адамдарға, көп балалы әкеге, соғысқа жіберілмеуі тиіс мамандарға шақырту берілген.

Мобилизацияланғандар мен олардың туыстары соғысқа алынған солдаттар тұратын орындардың нашар, лас екеніне, ыстық тамақ берілмейтіндігіне шағымданған. Бұдан бөлек, мобилизацияланғандарға әскери киім де берілмеген: бронежилет, ұйықтайтын көрпе, дәрі-дәрмек пен термокиімді солдаттардың өздері сатып алуы тиіс болған. Мобилизация басталғалы бері әскери комиссариаттар мен әкімшілік ғимараттарды өртеу де жиіледі.
Бұған дейін ақпарат құралдары мобилизацияланғандардың Украинадағы соғыста опат болғаны жөнінде де жазған. Кейде мобилизацияға шақыру мен қаза болғаны туралы ақпараттың тарағанына небәрі үш апта болған жағдайлар да кездеседі. Бұл жөнінде журналистер Путиннен сұраған кезде ол соғысқа дайындық кезеңі 5-10 күнді құрайтынын, қалған дайындық әскери қимыл алаңында өтетінін айтқан.

21 қыркүйекте Владимир Путин Украинадағы соғысты жалғастыру үшін «ішінара мобилизация» жариялаған. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу «ішінара мобилизация барысында 300 мың резервист шақырылатынын» мәлімдеген. Бірқатар дереккөз билік миллионға жуық адамды соғысқа жіберуді көздеп отырғанын хабарлаған.

Путиннің мобилизация басталғаны жөнінде жарлығынан кейін жүздеген мың адам мобилизациядан қашып, көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да ағылған. Мобилизация Путин арнайы жарлыққа қол қойғаннан кейін ресми түрде аяқталған болып саналады.

АРАША КЗ.

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар