Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили митингтен кейін Imedi телеарнасына берген сұхбат берді. Әңгіме арасында ол украин саясаткерлерін сынға алды. Ол «Грузияда болған наразылық акциясы туралы украин саясаткерлерінің пікірі елдің ішкі ісіне тікелей араласу» деп бағалады. 

Гарибашвили «Зеленскийдің «соғысып жатқан жерінен тоқтай қалып, Грузияда мыңдаған адам қатысып жүрген деструктив акция туралы пікір айта бастауы, оның бұған қатысы барын, осы жерде бірдеңе болғанын қалайтынын білдіреді» деп мәлімдеген.

Гарибашвили Украинадағы соғыс тоқтатылғанын, Украинада бейбіт өмір орнап, ел тұтастығы сақталғанын қалайтынын айтты. «Бірақ әуелі өз елдеріңді жарылқап алыңдар, өз еліміздің қамын өзіміз ойлаймыз. Бәрне соны айтқым келеді» деді Гарибашвили.

Грузия парламенті 7 наурызда шетел агенттері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған соң, он мың адам жапай наразылыққа шыққан. 

Тбилисидегі қарсылық полициямен қақтығысқа ұласты.  Батуми мен Кутаисиде тыныш өткен. 9 наурызда грузин парламенті, соның ішінде заң жобасын ұсынушы билік партиялары – «Грузин арманы» мен «Халық күші» заңды кері қайтарып, митингке шыққандардың талабын орындаған.

Шетел агенттері туралы заң жобасы бойынша қаржылай кірісі 20 пайыздан асқан бейкоммерциялық ұйымдар мен БАҚ-тарға «шетел ықпалындағы агент» статусы берілетін болған. Мұндай ұйымдар міндетті тіркеуге тұруға тиіс, тіркелгісі келмегендерге айыппұл салу көзделген еді.